ШҚО-да спорт инфрақұрылымы дамиды

Риддер қаласына қысқы спорт түрлері бойынша дайындық орталығы мәртебесі қайтарылады.

Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді. Бастама Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың қолдауына ие болды. Министр олимпиадалық резервтегі мектеп интернаты мен колледжінің жабдықталуы мен спорттық инфрақұрылымның жағдайын жеке бақылауға алды. Риддер қаласының бірегей табиғаты спортшыларға алты ай бойы жаттығуға мүмкіндік береді. Бұл жерде шаңғы жарысы, фристайл мен биатлонды барынша дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Спорт интернатының құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта осы тектес орталық елдің сегіз облысында ашылады. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін тағы 113 нысан  іске қосылып, қолданыстағы 26 спорт орталығы жаңартылады. Ал ел Шығысында бес стадион бой көтереді.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Риддер өңірінің спорттық әлеуетін дамыту керек. Ерекше климаттық жағдайлар қысқы спорт түрлерін дамытуға сеп. Бұл жердегі спорт интернатының құрылысы сапалы жүргізілуі шарт. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесі кешенді түрде шешіледі.