Қостанай облысында 25 денсаулық сақтау мекемесі салынады

Соның бірі Октябрь ауылында бой көтереді.

Бұл елді мекенде медициналық қызмет көрсететін жеке ғимарат жоқ. Дәрігерлік амбулатория ауыл шетіндегі ескі балабақшаның екінші қабатында орналасқан. Бұл тұрғындар үшін қолайсыз.

Октябрь ауылындағы амбулатория жергілікті халыққа ғана емес, жақын маңдағы бес елді мекен түрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетеді. Мұнда барлығы 4 мыңнан астам адам тіркелген. Ескі ғимараттың бір бөлігінде орналасқан медициналық мекеменің жай-күйі талапқа сай келмейді.  

Нұрлан Ақанбайұлы, Октябрь ауылының тұрғыны:
- Бөлмелері жетіспейді. Жуынатын бөлме жоқ. Жататын жерлері жеткіліксіз. Сосын ұзақ кезектер болады. Сондай ыңғайсыздықтары бар. Халық көп. Амбулатория керек.

Амбулаторияда ерлі-зайыпты екі дәрігер жұмыс істейді. Олар биыл «Қоныс аудару» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен көшіп келген. Жас мамандардың ауылдағы тұрмыс жағдайына көңілі толғанымен, жұмыс барысында қиындықтар кездескендігін жасырмады. Әсіресе медициналық мекеменің екінші қабатта орналасуы жүріп-тұруы қиын науқастарға, қарт кісілерге ыңғайсыздық тудырыпты.    

Алмасбек Аршабай, жалпы тәжірибелік дәрігер:
- Екінші қабатта орналасқаннан кіре алмайтынын біледі де, дәрігерді үй жағдайына шақыртады. Ал үй жағдайында ондай науқастарды қарау өте қиын. Үй жағдайы стирилді емес біріншіден. Екіншіден, қандай да бір жараларды тану, тазарту жұымысын жасау ол жерде мүмкін емес. Бірақ амбулаторияның орналасуына байланысты үй жағдайында мәжбүрлі түрде жасаймыз.

Октябрь елді мекенінде жаңа амбулатория құрылысы биыл жазда басталды. Бұл нысан «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынып жатыр. Жалпы құны 500 миллион тенге. Жыл аяғына дейін тапсырамыз деп отыр.  

Индира Нұрғабылова, Октябрь ауылдық округінің әкімі:
- Дәрігерлер бірден елу адамға дейін қабылдайды. Кезекте көп күтпейсіз. Және де зертхана болады деген жоспарда бар. Қосымша жұмыс орындары ашылады. Жарық, іші жылы, халыққа ыңғайлы. Ішінде дәріхана ашамыз ба деген жоспарымыз бар.

Алдағы  бір екі жылда ауылдық жерлерде осындай 25 замануи медициналық мекеме салынады. Оның 19 фельдшелік-акушерлік пункті де, бесеуі амбулатория.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров