Таразда коммуналдық мекеме жылу тарифін негізсіз көтерген

Таразда жылу тарифін негізсіз көтерген «ТаразТрансЭнерго» мекемесіне 550 мың теңге айыппұл салынды.

Прокурорлардың мәліметінше, кәсіпорын 2023 жылы қалалық магистральді жаңарту бойынша жылдық жоспар жасаған. Соның есебінен тарифті көтереді. Бірақ жаңғыртылуға тиіс құбырлар сол күйі ауыстырылмаған болып шықты. Соған қарамастан тұрғындардан 58,4 миллион теңге артық төлем алған. Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін мекеме басшылары жауапкершілікке тартылып, жылу тарифі 5 процентке төмендетілді. Коммуналдық кәсіпорын 8 шағын аудан мен 225 кәсіпкерлік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.

Асылхан Тілешов, қалалық прокуратураның бөлім басшысы:
- 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 жыл көлемінде өтемді тариф енгізіліп, халыққа жалпы соммасы 58,4 миллион теңге қайтарылады. Әрбір абоненттің жеке шоттарына бұл қаражат өндірілмейді. Тек алдағы уақыттағы төлемдерінен азайтылып шегеріліп отырады.