«Самұрық-Қазына» Алматыда жастар форумын өткізді

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры әрқашан жастарды қолдауға әзір. Әсіресе, оладың кәсіби маман болып қалыптасуына барынша жағдай жасайды.

Осыған орай Алматыда жастар форумын өткізді. Мұнда қатысушылар екі күн бойы мықты тәлімгерлерден дәріс тыңдады. Тренингтер мен семинарларға қатысып, өз ойларын ортаға салды. Пікір алмасты.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының компаниялар тобында 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Соның 80 мыңнан астамы жасы 35-ке дейінгі жастар. Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, қор адами капиталды дамыта түсуді көздейді. Яғни жастардың белсенді, жаңа бастамалар мен креативті тәсілдерге бейім болғанын қалайды. Оған қоса, технологиялық тұрғыдан сауатты болуына мүдделі.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Бізде арнайы әлеуметтік бағдарламалар бар. Жастар форумы соның аясында өтіп жатыр. Мұны мен өте үлкен мүмкіндік деп бағалаймын. Жастар ашық алаңда тұлға болып қалыптасу үшін, жақсы маман болып қалыптасу үшін не қажет екенін ашық айтып, пікір алмасады. Осымен екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Нәтижесі жаман емес. Қазіргі жастардың ой-өрісі кең. Қабілетті. Біз соны дамыта түсуді көздейміз.

Форумға еліміздің әр аймағынан 200-ден аса қызметкер келді. Қор тобына кіретін компаниялар мен ұйымдарда 206 жастар кеңесі жұмыс істейді. Олар қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларда өте белсенді.

Ерзатхан Абылайханов, «Самұрық-Қазына» АҚ Жастар кеңесінің мүшесі:

- Егер біз жастар өзіміздің жұмысымызбен ғана айналысып қоймай басқа шаралармен айналысып өзіміздің айналамыздағы басқа да қоғам мүшелерін дамытуға атсалысып әртүрлі жұмыста жүргізетін болсақ біз тек қана өзіміздің компаниямызда ғана емес өз айналамызды, қоғамды және мемлекетімізді дамыта аламыз.

Осы шара барысында жастар көшбасшылық негіздерін үйреніп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға дағдыланды. Шешім қабылдаіп, 4D басқару жүйесімен танысты.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон