Қызылордада «Inno-Fest» фестивалі өтіп жатыр

Оқушылар мен студенттерге миллионер атануға керемет мүмкіндік туып отыр.

Ол үшін дарынды жастар креативті индустрия көрмесінде топ жаруы тиіс. Қызылордада өтіп жатқан республикалық «Inno-Fest» фестивалінде жоғары технологияға негізделген IT-жобалар сараланып жатыр. Оның жүлде қоры 3 миллион теңге. Одан бөлек озық ойлы қатысушыларға 10 білім гранты табысталады.

Орамды ойдың нобайын сызып, қаңқасын жасауға 24 сағат жеткілікті. Сырда ұйымдастырылған инновациялық идеялар фестивалінің басты тақырыбы осы. Санада жетілген жобаны іс жүзінде жүзеге асыра білгендер қатарында Темірлан Жұмабеков те бар. IT-мектептің шәкірттері цифрлы полиграфты таныстырды.

Темірлан ЖұмабекоВ, «Inno-Fest» фестиваліне қатысушы:

- Бұл құрылғыны камерасы бар ноутбук немесе телефонға жалғауға болады. Адамның шын я болмаса жалған сөйлеп тұрғанын анықтайтын аппараттың денеге жабысып тұруы міндетті емес. Спикердің тыныс алу жиілігі, бет-әлпеті мен көңіл-күйінің өзгеруін саралайтын бағдарлама әңгіменің рас-өтірігін бірден ажыратады.

Ақылды үй, жайлы қызмет көрсету және жүйелі бағдарламалар сараланған шарада қазақша гугл платформасы көпшілікті өзіне аудартты. «Білім-инновация» лицейінің оқушысы әзірлеп шығарған комикстер ілім-білім қуғандарға пайдалы.

Асылжан Абдуллаев, «Inno-Fest» фестиваліне қатысушы:

- Бұл ресурс негізінен қазақтілді аудиторияға арналған. Орыс тілін білмейтін тұрғындар үшін AI-AI немесе қазақ GPC өте қолайлы платформа. Кез келген ақпарат, сурет, дауысты енгізу арқылы деректер қорына өте алады.

Фестивальде екі жарым мың жобаның 250-і өндірістік бағытта дамытуға жарамды деп танылды.

Жанарыс Түбекбаев, Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі:

- Ең алдымен ауыл балаларына үлкен мүмкіндік беріліп, шалғай елді мекеннен шыққан дарын иелеріне қолдау көрсетіледі. Үздік деп танылған жобалар қағаз күйінде қалмайды. Біз оның өндірістік айналымға енгізілуіне ықпал етеміз.

Smart Sity, контент пен медиа, кино және видео секілді 3 бағытта байқау жеңімпаздары миллион теңгені қалтаға басады. Сондай-ақ 10 талантты өрен таңдаған университетінде оқу мүмкіндігіне ие болмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев