Елімізде трамвай парктерінің ортақ қауымдастығын құру ұсынылды

Елімізде трамвай парктерінің ортақ қауымдастығын құру керек. Мұндай ұсынысты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі білдірген.

Олардың айтуынша қауымдастық тасымалдаушыларды мазалаған мәселелерді біржақты етіп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Қазір трамвай желісі Өскемен және Павлодарда ғана жұмыс істеп тұр. Ал Теміртаудағы парк меншік иелерінің шешімімен жабылған.

Иван Азаренко 30 жыл бойы трамвай тізгіндейді. Нағыз тәжірибелі жүргізуші. Ол трамвай қозғалысында бірсыпыра өзгерістердің куәгері болды.

Иван Азаренко, трамвай жүргізуші:

- Бізде жұмысы автоматтандырылған жаңа вагондар жетеді. Бірақ мен ескі вагонға үйреніп қалдым. Ондаған жыл ішінде шаруашылықтың дамуын көріп, қуанып жүрмін. Біздің қалаға бұл көлік аса қажет. Күнде мыңдаған зауыт жұмысшысын тасымалдаймыз. Сол себепті бірегей желіні сақтап қалу қажет.

Қазір адамдарды тасымалдайтын 100-ден астам вагон бар. Қалада қозғалысты жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Мысалы келер жылы трамвай жаңадан салынып жатқан Достық шағын ауданына да қатынайды.

Ал Өскеменде трамвайлар 64 жыл бұрын жолға шықты. Сол уақыттан бері жолаушы тасымалы бір сәтке де тоқтамаған. Трамвай шаруашылығы жыл бойы жаңғыртылып келеді. Ескірген депо, жолдар мен вагондарды жөндеуге мемлекет есебінен 2 млрд теңге инвестиция бағытталды.

Михаил Чайка, трамвай паркінің директоры:

- Инфрақұрылымды дамыту үшін республикалық деңгейде қолдау болғаны маңызды. Қауымдастық құру жақсы бастама. Көптеген ортақ мәселені  бірлесіп шешуге болар еді. Бірақ әуелі нормативтік-құқықтық актілерді қарастырып алған жөн.

Жақында Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысының басшыларына трамвай деполарын техникалық жаңғыртудан өткізудк күш біріктіру ұсынылды. Сала мамандарының пікірінше, құрылатын қауымдастық арқылы проблемалық сұрақтарды министрлік деңгейде көтеруге мүмкін болады.

Елена Березинская-Әбілова, қоғам белсендісі:

- Жаңа қауымдастық үкіметтік емес ұйым ретінде жұмыс істейді. Сала қызметкерлері субсидия, техника сатып алу мәселелерін шешуге атсалысады. Жергілікті билікке немесе меншік иелеріне тәуелді болмайды. Соынмен қатар депутаттарға сауал жолдау құқығын пайдаланады. Қауымдастық трамвай шаруашылығы үшін қажет деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Павлодардағы рельсті көлікті өзге өңірлерге үлгі болу керектігін тапсырған. Өкінішке қарай, қазір трамвайлар тек Павлодар мен Өскемен қалаларында бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин және Марат Игіліков