Қазақстандық көмек Таяу Шығысқа жетті

Қазақ халқының аманаты Таяу Шығысқа жетті. 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмек енді Газа секторындағы жұртқа таратылады.

Жүк қазір Мысырдың Эль-Ариш қаласына жеткізілді. Бір қуанарлығы, ұшақ Астанаға бос қайтқан жоқ. Қарулы қақтығыстың ортасында қалып қойған 28 Қазақстан азаматы елге оралды.

Бекзат Аманов, тілші:

-Бұл Египеттің Аль-Ариш қаласындағы әскери әуежай. Мұндағы бір ерекшелік тура осы бағытта жүре берсеңіз, 56 шақырымнан кейін Газа секторы шығады. Яғни қырғы-қабақ соғыспен шекаралас жатқан аймақ. Бүкіл әлемнің гуманитарлық көмегі сол себептен дәл осы жерге жиналуда. 

Мұздай қаруланған сарбаздар, жүк тасуға арналған көлік және әскери техника әуежайдың атмосферасы үрей туғызады. Жақын маңда қан төгіліп жатқан соң, Мысыр билігі де қауіпсіздікті күшейткен. Бүгінге дейін Солтүстік Синай аймағының орталығына 45 мемлекеттен гуманитарлық көмек жеткізілді.

Бекзат Аманов, тілші:

-Дәл қазір экипаж мүшелері, журналистер «Қызыл жарты Ай» ұйымының өкілдерін күтіп тұр. Гуманитарлық көмекті солар өздерімен бірге алып кету керек. Өздеріңіз көріп тұрғандай, артымда гуманитарлық көмектің қоймасы тұр. Мұнда әр елден келген тауарлар сақталады. Міне, қасымызға өзге мемлекеттерден келген ұшақтар да қонып жатыр. Мәселен, мына ұшақ Кувейт мемлекетінен келген.

Құжаттарды рәсімдеп болған соң, «Қызыл жарты ай» ұйымы жүктерді түсіруді бастады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек һәм төсек жабдықтарды босқындар мен мұқтаждарға таратып беру дәл осы еріктілердің мойнында. Бұл іс халықаралық қауымдастықтың бақылауын да болады.

Ахмет Әл-Бахейри, «Қызыл жарты ай» қоғамының өкілі:

-Қазақстаннан 40 тоннаға жуық тауар келді. Оны уақытша қоймаға апарамыз. Жүктер бөліп-жармай мұқтаждарға қаз қалпында жеткізіледі. Кейін БҰҰ өкілдерімен бірге Рафах бекеті арқылы Газа секторына жөнелтіледі.Жүк ұшақтан түсіріліп жатқанда, Мысырдағы елшілік жергілікті билікпен келіссөз жүргізіп жатты. Мұндағы мақсат – Газа секторындағы қанды қақтығыстан босап шыққан 28 отандасымызды елге қайтару. Бұған дейін қараша айында 99 қазақстандық оралған. Алайда майданның ортасында қалып кеткендер қауіпсіз аймаққа енді ғана шықты.

Бекзат Аманов, тілші:

-Біз дәл қазір эвакуацияға арналған орталықта тұрмыз. Мұнда бізден бөлек Франция мемлекетінің азаматтары бар. Барлығы осы жерде ұшақтарын күтеді. Осы жерден өз еліне аттанады.

Иә, Таяу Шығыс тауқыметі ешкімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Үйсіз-күйсіз қалғандар млн-даған палестиналық бас сауғалап, босып кетті. Солардың ішінде отандасымыз – Оксана Хеллес. Ол палестина азаматына тұрмысқа шыққан. Осы уақытқа дейін мебдике болып жұмыс істеді. Алайда соғыстың кесірінен қолда барынан түгел айырылды. Күйеуі сол аумақта қалып қойды, есесіне балаларымен бірге елге оралды.

Оксана Хеллес:

-Менің 5 балам бар еді. Екі апта бұрын қызым қаза тапты. Ол жүкті еді, отбасымен бірге бәрі көз жұмды. Газадағы ахуал өте күрделі. Бұл үрейден қалай құтылатынымды білмеймін. Жарылыс пен атыс тоқтамайды. Ғибадат үйіне де, ауруханаға да, мектепке де жасырындық. Бәріне соққы жасалды. Аштық пен ауызсу тапшылығы әбден азытып жіберді. Бізді құтқаруға атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз.

Ахмет Эльянках:

-Мен Қазақстан университетін бітірдім. Сосын жерлестеріңізге үйленіп, азаматтық алдым. Газа секторында тұрып жатқаныма көп болды. Үй тұрғызып, тұрмысымызды түзеуге қаншама жыл кетті. Соның бәрі бір сәтте күлге айналды. Қауіпсіз аймаққа келу де оңай болмады. Бірақ елшіліктің арқасында жеттік. Оларға рақмет айтамын.

Елге оралған азаматтардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Бейқам өмірді ұмытқан олардың көзінен үрей байқалады. Ал Газа секторында әлі бірнеше отандасымыз бар. Елшілік олармен байланыста отыр.

Санжар Уәлиханов, Египет араб республикасындағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі:

-Олар қазір Газа Секторының солтүстігінде орналасқан. Өйткені оңтүстік жағын бомбалап жатыр. Қазір тағы 28 адамды эвакуациялап жатырмыз. (ол кісілер өткен жолы неге қайтпай қалды? Газа секторында көбіне әскери ісшаралар болып жатқандықтан көбі жете алмады Рафат бекетіне.

Еріктілер гуманитарлық көмекгі толық қабылдап болған соң, ұшаққа отандастарымызды орналастыру басталды. Олардың көздерінен күдік пен үміт бірдей байқалады. Бейқам балалық шағы бомбамен өткен сәбилер де әуе көлігінің ішінде мәре-сәре.

Бекзат Аманов, тілші:

-Осыдан бірер сағат бұрын гуманитарлық көмек тиелген ұшақ ішіне енді Газа секторынан аман шыққан отандастарымыз жайғасып жатыр. Олардың арасында балалар мен әйелдер де бар. Олар тікелей рейспен Астанаға жеткізіледі.

Астана бас сауғалап келген отандастырымызды салқын ауа райымен қарсы алды. Есесіне оларға жаңа киімдер мен керек-жарақ табысталды. Қарулы қақтығыстан азып-тозған олар қуанышын жасырмады.

БЛИЦ:

-Сапар қиын әрі ұзақ болдды. Бірақ аман жеткенімізге қуаныштымыз. Бұған мұрынды еткен азаматтарға алғыс. Бізді қиын жағдайда тастамай қарайласты. Мен балаларым және немереммен бірге келдім. Алматыда дүниеге келгенмін. 

«Үйге қош келдіңіздер!». Отанға оралған отандастырмызды осылай қарсы алдық. Бәлкім, бұл оларға берілген екінші мүмкіндік. Енді тыныш, бейбіт елде бейқам өмір сүре алады.

 Авторлары: Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев