Өскеменде зиянды қалдықтарды азайту тетіктері талқыланды

Өскемендегі зауыттар мен өндіріс ошақтарындағы будақтаған түтіннен ауа сапасы нашарлап барады.

Ал зиянды қалдықтардың көлемі мен ауадағы көмірқышқыл газының құрамын дәл анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл туралы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның көшпелі отырысында айтылды. Жиында өндірісті жаңғырту аясында зиянды қалдықтарды азайту тетіктері, сондай-ақ стандарттау жүйесін реформалау тәртібі талқыланды.

Шығыс Қазақстан облысында орналасқан 64 өнеркәсіптік өндіріс ошағы қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығару бойынша 1 - санатқа жатады. Сондықтан зауыттар мен жылу электр стансаларын жаңа технологияларға көшіру заман талабы. Парламент Сенатының депутаттары мен эко белсенділер осылай, дейді. Тараптар өзекті мәселені бірлесіп талқылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бүгін жергілікті азаматтар мен сарапшылар және кәсіби мамандармен бірге осы ауаның ластануы және экологиялық қауіпсіздік мәселесін талқылаймыз. 

Келесі жылдан бастап республикадағы 90 кәсіпорын атмосфералық ауаны бақылаудың автоматтандырылған жүйесін орнатуға міндеттелді. Бұл биік мұржадан бУдақтаған түтіннің уақытын қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қолайсыз метеожағдайларда көмірқышқыл газының таралуына тосқауыл қою үшін біріңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында қатты отынмен жылытылатын жаңадан жылу электр орталықтары салынады. Ал энергетиктер гибридті технологияларды енгізіп, көгілдір отынға көшу мүмкіндіктерін пысықтап жатыр. 

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы:

- Қазір Ресей Федерациясындағы серіктестерімізбен тиісті келісімдер жасалып жатыр. Біріншіден аймақ толық газдандырылмағандықтан қатты отын стансаларын салу керек. Бірақ олар уақыт өте техникалық тапсырма бойынша газға ауыстырылады. Ол үшін Астана қаласын тәжірибеге алу керек. Қазір ондағы стансалар кезең-кезеңімен көгілдір отынға көшіп жатыр. 

Қаладағы жылу электр орталығынан 1 жылда ауа қабатына 15 мың тонна зиянды заттар шығарылады. Тағы 24 мың тоннаға Өскемен металлургиялық кешені ластайды. Алайда өнеркәсіптік алпауыттар мен көмір жағатын жылу электр стансасындағы жұмысты тоқтатуға мүмкін емес. Бірақ экологиялық қауіпсіздікті  сақтап, заманауи жүйелерді қолдануға көшу керек. Биыл бұл бағытта өңірдегі өндіріс орындарына 11 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалып, мұржаларға сүзгі орнатылды. Эко жүйені қалыптастыру үшін аталмыш сала тағы да инвестицияға сұранып тұр,-дейді мамандар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин