Жайық жұртшылығы мемлекет қайраткері Нәжімеден Есқалиевті ақтық сапарға шығарып салды

Жайық жұртшылығы мемлекет қайраткері Нәжімеден Есқалиевпен қоштасты.

Саналы ғұмырын еліміздің өсіп-өркендеуіне арнаған абыз ақсақал 83-ке қараған шағында өмірден озды. Ол туралы айтар сөз, жарқын естелік аз емес.

Нәжімеден Есқалиев 1941 жылы Астрахань облысында дүниеге келіпті. 1966 жылы Алматы ауылшаруашылық институтын бітірген жас агроном еңбек жолын Орал облысының Жәнібек ауданында бастайды. Өз ісіне жауапты, алғыр маман қызметте де тез көтеріледі. 1986 жылы Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1992 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі, бір жылдан кейін Көкшетау облысының әкімі лауазымына тағайындалады. Кейін Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Молдова мемлекеттерінде елші боп еңбек етеді. Қай қызметте болса да Нәжімеден Ықсанұлы бекзат болмысымен, қарапайым қалпымен ерекшеленді, дейді замандастары. 

Марат Оразғалиев, еңбек ардагері:

- Мен деген әңгімені көп айтпайды. Біз дейді, халық дейді. Соның өзі бір үлкен ұғым ғой. Соның арқасында өз еңбегімен көріне білді, сыйлы болды үлкен кәдімгідей. Қиын-қыстау кезеңде мәлім білесіздар, халықты ұйымдастыра білді, халықты жұбата білді.

Абат Есенғалиев, еңбек ардагері:

- Ол кісі осы облыста істей бергенде облыстың алатын биігі әлде де көп болатын еді. Бірақ та кейбір жағдайларға байланысты ол кісіні Көкшетауға жұмысқа аударды. Оған басты себеп сол кездегі ауылшаруашылығы өндірісін таратуға қарсы болғандығы еді. Бірақ та жұмыстан кеткенмен, саясаттан кеткен жоқ. Елге, Қазақстанға үлкен жұмыс жасады және артына үлкен із қалдырған танымал азамат. Бізге ол кісіні жоғалту жанымызға батады.

Нәжімеден Ықсанұлы қашан да байыппен барлап, сабырмен іс қылатын азаматтардың санатынантұғын. 1991 жылғы Оралдағы қыркүйек оқиғасы кезінде ұлтаралық жанжалдың ушықпауына зор еңбек сіңіргені мәлім. Зейнетке шыққасын да өз тәжірибесін кейінгі толқынмен бөлісе білді. Жайық жұртшылығының абыз ақсақал жайлы айтар жақсы сөз, жарқын естеліктері аз емес. 

Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ол кісі көп ақыл-кеңесін беріп отырды. Елдің облыстың соның ішінде ауылшаруашылығын қалай дамыту керек, қандай бағытта жүріп жатырғанымызды. Ол кісіге әруақытта ілтипат пен ризашылығымызды білдіріп жүреміз. Аяулы аға, қош болыңыз!

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов