«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл - Нарық!

Жол жағалап интернет аулап жүрген аққұмдық ұстаздардың суреті естеріңізде болар.

Бұл сурет министрді де ойлантқан тәрізді. Іле-шала Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын қолға алды.

Бұл ауқымды жоба 3 мыңнан астам ауылды сапалы интернетпен жарылқамақ. Министр Бағдат Мусиннің айтуынша, елдегі 6 290 ауылдың 4 858-інде интернет бар. Бірақ, 2 813 ауыл ғана 4G технологиясының қызығын көріп отыр. Ал 2 045 ауылда 3G технологиясы жұмыс істеп тұр. Жақында өткен баспасөз мәслихатында министр осы интернеттің сапасын жақсартам деп сөз берді.

Бағдат Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірледік. Мақұлдады Премьер-Министр. Сол ұлттық жобаның аясында 3 183 ауылға, бұрын оптикасы болмаған ауылдарға оптика жеткізетін боламыз үш жылдың ішінде. Ол – жаңа жоба. Яғни 3 183 ауылда бүгін қолайлы, сапалы интернет жоқ екендігін біз мәлімдеп, ол ақпаратты енгізіп, сол ауылдарға сапалы интернет орнатамыз деген уәде бердік.

Илонн Масктің Старлинк компаниясы да бізге келмек болған. Бірақ олар интернетті жер серігі арқылы таратады. Мұны бақылау қиын. Біздегі бары мұнаралы интернет желісі. Ал заңда жер серігі қызметін пайдалану ережесі қаралмаған. Енді Илон Масктың өнімі алдағы жарты жылда 2 мың мектепте сынақтан өтеді. Министрлік нәтиже болса заң нормасына өзгеріс ұсынбақ. Жалпы Қазақстанның электронды қызмет деңгейі әлемде жоғары бағаланады. Біріккен ұлттар ұйымының «Электронды үкімет» рейтингінде былтыр 28-інші орынды меншіктеді. Ирландия, Канада, Италия сынды елдердің алдында тұрмыз. Қазіргі уақытта eGov порталында мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамын электронды түрде алуға болады.

Медет Құлымғариев ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті директорының орынбасары:
- Қазақстанда eGov жұмыс істейді. Мұндай балама әлемде некен-саяқ. Біз технологияны шетелге сатып, сол бойынша қызмет көрсете аламыз. Нарықта сұраныс бар. Қазір жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын ІТ экспорт құрап отыр.

Нарық демекші, соңғы үш жылда Қазақстанның ІТ нарықтағы экспорт көлемі 10 есе өсті. Былтыр Президент 2025 жылға қарай ІТ экспорт көлемін 500 млн долларға жеткізу туралы тапсырма берген еді. Биылғы Жолдауында межені көтеріп, 2026 жылы 1 млрд АҚШ долларын еңсеруді міндеттеді.

Әрине, сапалы өнімге қашанда сұраныс бар. Біздің IT өнімнің де құны жоғарылады. Ал тапшы тауардың бағасын өндіруші қалай қойса да өз еркі. Өйткені, бұл – нарық.