Семейде полиция баланы қаскөйден арашалап қалды

Семейде учаскелік полицей қыз баланы қаскөйден арашалап қалды.

Сақшының ерлігі туралы әңгіме әлеуметтік желіде тарады. Жалпы "қолжетімді полиция" жобасы Семейде тиімділігін көрсетті. Қалада құқық бұзушылық азайып, қылмыстың алдын алу көрсеткіші жақсарған. 

Рымғали Жибраевтың учаскелік инспектор қызметіне кіріскеніне небары үш айға жуықтапты. Жалпы еңбек өтілі екі жылдан асатын тәртіп сақшысы полицей болып, адамдарға көмектесуді бала кезінен армандаған. Жақында бейтаныс ер адам зәбір көрсетпек болған  11 жасар қызды арашалап қалды.

Рымғали Жибраев, қалалық ПБ Затон бөлімінің учаскелік инспекторы:

- Күнделікті жұмыс барысында даладан айғай естідім. Сол естіген айғайыма жүгіріп шығып, көргенім, ер кісінің қызды күштеп ұстап тұрғаны. Сол сәтте барып, қызды аман-есен ер адамның қолынан алу керек болды.

Учаскелік инспектор Қарағайлы ықшам ауданындағы 54 үйге қарайды. Мұнда 8 мыңға жуық адам тұрады.

Мерей Сейітқазина, қала тұрғыны:

- Енді осындай жағдай болмаса екен дейміз. Өйткені бәріміздің балаларымыз бар. Осы жермен үнемі магазинге өтеді. Сабаққа барады. Сондықтан да әрине қорқамыз. Мұндай жағдайдан. Түнімен ұйықтай алмадық. Өйткені, көршімнің қызы болғандықтан. Ол кісіге де, балаға да уайымдадық.

Ернар Базаров, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Учаскелік полиция инспекторы - бұл белгілі бір аумақтағы қылмыстың алдын-алудың негізгі тұлғасы. Қылмысқа қарсы күресте алдыңғы қатарда тұрған және өз ауданының тұрғындарына қамқорлық жасайтын азамат. Облыс бойынша барлығы 273 учаскелік инспектор жұмыс атқарады. Оның ішінде біздің Семей қаласында 125 полиция инспекторы жұмыс істейді.

Жыл басынан бері Абай облысында үй ішіндегі ұрыс-керіске байланысты 20-ға жуық қылмыстық іс қозғалған. Екі мыңға тарта әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов