«Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті

Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «AMANAT» партиясының «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті.

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған әдеби додаға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түскен. Оның 170-і ақтық кезеңге өтті. Жалпы, 5 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Одан бөлек екі арнайы сыйлық табысталды. Жыл сайын өткізілетін байқаудың биылғы жаңалығы - "Әдеби сын" номинациясының енгізілуі болды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдік, рухани қалқан болды. Ал енді рухани қалқан деген не? Ол жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал ол құндылықтардың барлығы кітапта, әдебиетте. Бұл туралы мемлекет басшысы да талмай айтып келе жатыр.