«Яндекс Таксиге» ескерту жасалды

Күн күрт бұзылса, Яндекс Такси де қосымшасынан қызыл түсін жағып, бағасын қымбаттатып жібереді. Бұл қаншалықты заңды?

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін де осы сұрақ қызықтырған көрінеді. Монополияға қарсы орган Яндекс Таксидің қызметін тергеп, бірқатар кемшілік тапты. Таксопарктердің экономикалық қызметін үйлестіргені үшін және ақпарат бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Енді Яндекс Такси жүргізушілердің де, жолаушылардың да құқығын сақтауға міндетті. Мәселен, тапсырыс бағасы екі есе қымбаттаса, жүргізушілерден комиссия өндірілімейді. Таксистерге қосымша бонустық бағдарлама енгізіледі. Келешекте олардан алынатын комиссияны азайту да көзделген. Ал тариф көтерілсе, оның себебі тұрғындарға нақты түсіндірілу керек. «Бірге» тарифін қатты қымбаттатпау қадағаланады. Бұл арнайы құрылған мониторингтік топтың бақылауында болады.