Түркістан облысында шаруалар қырыққабат жинап жатыр

Еліміздің басым бөлігінде ақ түтек боран.

Ал Түркістан облысы Келес ауданында шаруалар қырыққабат жинап жатыр. Ошақты, Ақжол ауылдарының диқандары дайын өнімді экспортқа жөнелтіп жатыр.

Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол елді мекенінің тұрғыны Ермахан Адиев биыл 1 гектарға қырыққабат дақылының күздік сортын еккен. Қазір алқап басында жиын-терім жұмыстары қызып жатыр. Диқан биыл 40 тоннаға жуық өнім алатынын айтады. «Еңбек ақталып, өнім бітік шықты», - дейді шаруа. Қазір дайын өнімді алқап басына саудалап жатыр.

Ермахан Адиев, шаруа:

- Өнімдерімізді сатып жатырмыз. Клиенттер келіп, алып жатыр. Ресей мемлекетіне алып кетіп жатыр. 1 келіден 6-7 келіге дейін салмақ береді. Шыдамды, суыққа да төзімді. Өнім биыл жақсы. Жұмысшылар – өзіміздің тұрғылықты жердің адамдары. Күніне 7 мыңнан төлейміз адам басына. 15-20 адам келеді, жұмыс істеп артып береді.

Ал Ошақты ауылындағы Айкен шаруа қожалығы 3 гектар аумаққа қырыққабаттың Бухарест сортын егіп, 120 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Шаруа қырыққабатты көрші облыстарға өткізіп жатқанын айтады. Жалпы биыл Түркістан облысының шаруалары 9100 гектар аумаққа қырыққабат еккен. Өңірдің климаттық ерекшелігіне қарай ерте пісетін орамжапырақтан 187 тонна, ал кеш пісетін дақылдан 137 мың тонна өнім алуда. Жалпы 320 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр.

Ақтөре Түймебек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы облыста бүгінгі күні қырыққабат 60-100 теңге аралығында саудаланып жатыр. Біздің облыс халқына 51 мың тонна өнім жеткілікті. Қалғаны, артығы басқа облыстарға және көрші мемлекеттерге экспорталады. Бүгінгі таңда 60 мың тонна қырыққабат өнімі Ресей, Өзбекстан, Латвия мемлекеттеріне шығарылды.

Өңірде қырыққабат егушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Қолданылған тыңайтқыштың 50% субсидияланады. Жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен беріледі. Бұл өңірдегі шаруалардың мол өнім алып, табысқа кенелуіне үлкен мүмкіндік туғызып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.