Желтоқсан көтерілісіне биыл 37 жыл

Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан көтерілісіне биыл 37 жыл толды.

Павлодарда алғаш рет алаңға шыққандардың тізімі жасалып, қоғамдық бірлестік құрылған. Қазақ тарихындағы кез келген көтеріліс ұлт бостандығы, жер мен елдің болашағы үшін болғанын ескерсек, соның ең соңғысы желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі. Бұл Тәуелсіздік жолындағы айшықты оқиға.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан Айман Зейнуллина ол кезде Алматы қаласындағы қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының төртінші курсында оқитын. Ол кезде филология факультетіндегі алты топтың бесеуі орыс, тек  біреуі қазақ тілі мен әдебиетіне маман дайындайтын.  Лениндік топта оқыған бойжеткен оқуды қызыл дипломға бітіріп, ғылым жолына түсуді армандайды. Алайда  желтоқсанның 17 мен 18-і күні  саяси өзгеріске қарсы шығады. Алаңға шыққан өжет қыз жастарға қолдау көрсетеді.

Айман Зейнулина, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Сол кезде ЦК, Компартия Орталық комитетінің қызметкерлері тұрып бізге ескертулер жасады. Бірақ алаңда адамдар азайған жоқ, керісінше көбейе берді. Жастардың жаңағы ыза-кегі ашық түрде көріне бастады. Сағат сол сегізге таман ескертуден кейін бізге алғашқы күш көрсетілді. Өрт сөндіру машиналары ортамыздан бұзып-жарып өтіп, тас лақтыру, сосын үлкен диаметрлі шлангамен су атқылап бәрімізді жан –жаққа қуалады.

Осы оқиғадан кейін студенттер қудалауға түседі. Айман алты ай тергеледі. Жазықсыз жастарға  ұстаздар араша түседі. Желтоқсан көтерілісінің отыз жылдығына орай  «Рух пен Ар»  - деген  деректі шығарма жарық көрген болатын. Кітап авторы әрбір желтоқсаншымен жеке кездесіп айғақтар  жинаған. Ондағы көптеген фотосуреттер Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатынан алыныпты. Арасында Айман Зейнулинаның суреті бар.

Айман Зейнулина, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Тіпті мынандай бір жағдай болды. Жаңағы Савицкийді өлтірді деп Қайрат Рысқұлбековке жала жабылды ғой. Сол құжаттарды бізге әкеп, сендер филологсыңдар, осыны аударып, кішкене әлгі қоюландырып, қылмысын қосып жазыңдар деген дүниелерді әкелді. Міне мына жерде Салтанат Қожахметова деген марқұм Өскеменнің қызы болатын біз кеше өзімізбен бірге шыққан қыздарымыз, жігіттеріміз қалай біз сатқындыққа барамыз - деп бірінші бас тартқан осы кісі болды.

Желтоқсан оқиғасына биыл 37 жыл толды. Айман Зейнулинаның айтуынша Павлодарда ақталғаны, ақталмағаны бар 30 –дан аса желтоқсанға қатысушы анықталған. Қазір бірлестік құрылып, зерттеліп жатыр. Мақсат ақиқатты  ашу. Тәуелсіздік атты қастерлі ұғымды  жас ұрпақтың санасына сіңіру. Оқушылармен кездесуде сол кездегі билікке  қойылған талаптар, шеруге шығуға түрткі болған жәйттер айтылды.

Айман Зейнулина, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Қандай әдемі мектепте оқисыңдар. Ол кезде қазақ мектебінің бәрін жауып жатты. Біз қазір ашамыз деп жанталасып жатырмыз ғой. Ол кезде жауып жатты. Мына Павлодарда бір-ақ қазақ мектебі қалды. Алтынсарин мектебі. Оныншы мектеп бар еді оның өзі жабылудың алдында қалды. Алматыда бір-ақ қазақ мектебі бар еді. Бірінші осы болды, екінші трамвайда автобустарда мына қазақтарға қазақша сөйлеттірмейтін. Біз қазір қазақша сөйлейміз еркін. Ал ол кезде аузымызды жабатын.

Бұл күндері Павлодар  метептерінде  желтоқсаншылармен  кездесулер,  патриоттық кештер  өтіп жатыр. Тәуелсіздік  жолындағы әрбір күрес тарих беттеріне алтын әріппен жазылады. Облыс орталығында саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш бар. Мәрмәр таста 1986 жылдың 17-18 желтоқсаны  «Демократиялық жаңғыру кезеңі» деп көрсетілген. Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков