Қыста теңізге түсетіндер

Қытымыр аяз бен ақтүтек боранға қарамастан, теңіз жағалауында жүгіріп, тіпті суға шомылатындар бар екен.

Ақтаулық Тимур Нұрмағанбет бес жылдан бері осы әдетінен жаңылмапты.

Кеш бата Ақтауда ауа температурасы минус 10-ға дейін төмендейді. 43 жастағы Тимур сықырлаған сары аязда  жүгіргенді ұнатады. «Көшеде спортпен шұғылданып жүргеніме бесінші жыл», - дейді. Жағалауда 8-10 шақырым жер жүгірген соң, Каспийге сүңгиді. Оның салқын суда жүзген сәтін ғаламторда мыңдаған адам қараған.

Төрт баласының әкесі жеке кәсіппен айналысады. Ерте тұруды әдетке айналдырған. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда таза ауада бой сергітіп, дене шынықтыру үшін теңіз жағасына барады.

Тимур Нұрмағанбет, қала тұрғыны:

- Салқын суға шомылу денсаулыққа пайдалы. Шаршағаныңды басып, көңіліңді көтереді. Дене температурасы көтерілген кезде ағзадағы микроб, вирустар жойылады. Мұздай суға бірден шомылуға болмайды. Біртіндеп бойды үйрету керек.

Ақтау тұрғыны Мұса Ахметов 69 жаста. Бірнеше жыл бұрын жүрегіне күрделі ота жасатқан. Дәрігерлер ауыр зат көтеруге тыйым салғанын айтады. Зейнетке шыққанға дейін қалаішілік қоғамдық көлікті тізгіндепті. «Үйде қол қусырып отырудан зерігемін, тұрақты бір уақытта спортпен айналысуды әдетке айналдырдым. Көше тренажерінде күн сайын 2 сағат шынығамын», - дейді ол.

Мұса Ахметов, қала тұрғыны:

- Көше тренажерінде аптасына 3 күн жаттығамын. Таңғы серуенге таңғы 7-8 шамасында шығамын. Жағалауға жаяу жүріп жетем. Барлығыңызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Жас кезімде спортқа уақытым жоқ деген сөздің құр сылтау болғанын енді түсініп жүрмін.

Ақтауда Тимур мен Мұса секілді қысы-жазы жағалауда жүгіретіндер аз емес. Соңғы жылдары жастардың да жаман әдеттен бойын аулақ ұстай бастағаны қуантады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Маңғыстауда 306 мыңнан аса адам бұқаралық спортпен шұғылданады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев