Өскемендік студенттер қарттар үйі мен әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына барды

Өскемендік студенттер қарттар үйі мен әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын аралап, Тәуелсіздік күнімен құттықтап шықты.

"Ізгі іс-шара арқылы ондағы қариялар мен сырқат жандарға деген қамқорлығымызды сезіндіргіміз келді" дейді олар. "Біргеміз. Қамқор" жалпыұлттық жобасының көздегені де осы. Жастарды қайырымдылыққа шақырып, ізгілікке баулу.

Солнечный кентіндегі "арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" еріктілерді асыға күтеді. Жастармен ой бөлісу, олар дайындаған бағдарламаны көру-мұндағы жандарға үлкен үміт сыйлайды. Ауыр ойдан арылып, серпіліп қалады.

Орталықта тұрып жатқандар да өнерден құралақан емес. Өз қолдарымен істеген бұйымдары көздің жауын алады. Мына Сәбира Мұхаметжанова, Қайрат Рысқұлбеков сынды желтоқсан құрбандарының бейнесі жастарға ерекше әсер етіпті.

Мадина Нәбиева, волонтёр:

- Мында түрлі суретшілер,қолөнер шеберлерін көрдік.Өзіміз де тәнті болдық. Мысалы, қарап тұрсаңыздар 16желтоқсанға қатысқан біздің қазақ батыр қыздары мен батырлары бар. 

Бұл керемет туындылардың авторы Олег Некрасов. Ауыр дерттен соң осында түскен ол бастапқыда тіпті сөйлей алмаған. Орталық қызметкерлерінің қолдауымен әрең дегенде оңалды. Енді сурет әлемін бір қолмен-ақ бағындырып жүр.Дәл қазір күйдіру әдісі арқылы Ұлы Абайдың бейнесін ағаш бетіне түсіруге кіріскен.

Олег Некрасов, қала тұрғыны:

- Бастапқыда өте ауыр болды.Оң қолымды мүлдем басқара алмай қалдым.Әйтуір ақырындап қатарға қосылдым десем болады. 300-ден аса жұмыстың авторымын.Кейбір еңбектеріме Шымкент, Алматы, Астана қаласынан тапсырыс түседі.

Бұл жерде 120 адамға қызмет көрсетіледі. Демеушілердің қолдауы ерекше. Олардың арқасында әлеуметтік мекеме түрлі сауықтыру, оңалту кабинеттерімен қамтылды. 

Ерболат Ошақбаев, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

- Сол үшін бізде міне жерде жаттығу залы ашылды. Осы жерде 48-ден аса қарт осы жерде күнделікті шұғылданғанға көп мүмкіншіліктер алды. Және де бізде трудотерапия кабинеті деп айтамыз. Еңбек терапиясы кабинеті ол жерде арнаулы мамандар көмегімен көптеген суреттер салып, өздерінің қызықты нәрселерін жазып, өздерінің қызықты істерімен айналысады. 

Соңғы бір жарым жыл ішінде қайырымды азаматтар көмегімен орталыққа жалпы 15 миллион теңге бөлініп, түрлі жабдықтар алынған.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов