Қолжетімді баспана

Қостанай облысында жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үй жеңілдікті шарттармен беріледі.

Ол үшін облыс әкімдігі мен «Отбасы Банкі» бірлесіп «Қостанай жастары» бағдарламасын іске асыру туралы келісім жасасты. Осы бағдарлама аясында биыл 140 отбасы өз баспанасына қол жеткізбек.

Озерное ауылының учаскелік медбикесі Любовь Бутенко аудан орталығынан үш бөлмелі пәтер сатып алды. Бұған дейін үш баласы бар отбасы пәтер жалдауға мәжбүр болған еді. "Қостанай жастары" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиенің көмегімен баспана мәселесі  оң шешімін тапты.     

Любовь Бутенко, Озерное ауылының тұрғыны:

- Егер сіз әдеттегі ипотеканы рәсімдейтін болсаңыз пәтер құнының 50% жинақтауыңыз керек. Ал мұнда тек 10% жеткілікті. Пайыз мөлшері өте аз. Мысалы мен 5 жылда жылдық мөлшері 5% өтеуім керек. Содан кейін оның мөлшері  2 ақ процент болады. Бұл әрине өте тиімді әрі қолайлы шарттар ғой.

Жұмыс істейтін жастарды қолдау жөніндегі өңірлік бағдарлама екі жыл бұрын іске қосылды. Осы уақыт ішінде баспаналы болғандар қатарында тек қала ғана емес ауылда еңбек етіп жүрген жастар да бар. Жаңа немесе бұрын салынған үйлер үшін берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңге.

Әділет Жолаев, "Отбасы Банк" АҚ ОФ директорының орынбасары:

- Аталған бағдарлама шеңберінде 140 жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр. Оған қатысуға ниет білдірген 283 адамның 106-сы төлем қабілеттілігін бағалаудан өтті.

Жеңілдетілген несие беруді көздейтін пилоттық жоба өткен жылы жұмысын бастады. Содан бері облыс орталығында 40 шақты отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Өтінімдер барлық аудандардан түскен. 

Абылай-Хан Кәкенов, қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл 2 млрд 100 млн теңге бөлінді. Бұл Қостанай облысы әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлескен қаражаты. Әр өңірде кандидаттарды іріктеу бойынша жеке комиссиялар құрылды және біз әрбір аймақ үшін жеке квоталарды анықтадық.

18-ден 35-ке дейінгі жастар келесі жылы да бағдарламаға қатыса алады. Жеңілдетілген несиелеуге екі миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Ермек Мұхамедьяров