Астанада барлық қазандық газға көшіріледі

Астанадағы барлық қазандық алдағы уақытта кезең-кезеңімен табиғи газға көшіріледі.

Қазір номері үшінші Жылу электр орталығының және 2 газ жылу станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ алдында есеп берген қала әкімі Жеңіс Қасымбек осылай деді. Шаһар басшысының айтуынша, Тұран және Оңтүстік-шығыс станциялары қосымша 1 мыңнан астам гигакалория мөлшерінде жылу қуатын беруге қауқарлы. Мәселен, 2 апта бұрын -32-33 градустық қытымыр аяз кезінде қала шамамен 3 мың гигакалория жылу пайдаланды. Соның өзінде қорда тағы шамамен 600-700 гигакалория энергия қалған.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

- Бүгінде 12 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие. Олардың көбі – жеке меншік үй иелері. Оның ішінде 10 мыңға жуығы көгілдір отынға ауысты. Бұл – шамамен 200 мың адам. Келесі жылы бірінші кезекте Тельман газ жылу станциясын, екінші кезекте Тұранды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл бізге қосымша 800 Гкал жылу береді.