Көлік саласындағы түйткілдер талқыланды

Көкшетауда автобус жүргізушілері жетіспейді.

Бұл мәселе Көлік министрі Марат Қарабаевтың өңір тұрғындарымен кездесуінде көтерілді. Тасымалдаушылар «Д» санатындағы жүргізу куәлігін 21 жастан бастап беріп, маршруттық таксиде үш жылдық тәжірибе болу нормасын алып тастау қажет дейді. Әйтпесе кадр тапшылығын шұғыл шешу мүмкін емес. Сонымен қатар, министрге жол құрылысымен айналысатын мердігерлерді субсидиялау, оларға жеңілдетілген кредит беру, техникаларын жаңартуға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Жол сапасы да назардан тыс қалмады. Тұрғындар Зеренді курорттық аймағы бағытындағы Көкшетау-Атбасар автожолын кеңейтуді өтінді. Марат Қарабаев барлық мәселе ескерілетінін жеткізді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Ол өздеріңіз білесіздер, ұзындығы 45 шақырым жол. Жазғы уақытта ол жолда 7 мың көлік өтеді, ал қысқа уақытта ондай интенсивті көлік жоқ. Сондықтан біз ол жолды кеңейтуді және бірінші категориялық жолға ауыстырып, төрт жолақты жол істеп жоспарлап отырған жоқпыз. Бірақ бүгін осында халықтың сұрап отырғаны, соны төрт жолақтыға ауыстырайық деді. Біз келесі жылы жобалық-құжаттама жасап бастаймыз.