Петропавлда жер көктайғақ болып тұр

Петропавл қаласында  жауын жауып, жолдар көктайғаққа айналды.

Ауа райының күрт бұзылуынан көшеде көлік түгілі адамдардың өзі әрең адымдап жүр. Қазір коммуналдық қызмет жұмысшылары жерге құм мен тұз сеуіп жатыр. 

Петропавлда кеше жаңбыр жауып, жел соғып, жердің беті айнадай жылтыр мұзға айналды. Көктайғақтан таңертең жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де әуреге түсті. Ал асыққандар құлап, мертігіп қала жаздады. 

Альбина Шұғайыпова, қала тұрғыны:

- Таңертең болды көктайғақ. Қазір кішкене басылған сияқты. Еріп жатыр. Бірақ әлі де бар. Жаңа келе жатқанда құлап қала жаздадым. 

Көктайғақ коммуналдық қызмет жұмысшыларын таң атпай оятты. Олар көшелерге құм мен тұздың қоспасын себуге шықты. Жалпы қалада қыс мезгіліне 2,5 мың текше метр материал дайындалған. 

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Таңғы 5-тен сағат 9-10 - ға дейін бізде көктайғаққа қарсы құм тұз қоспасын себу бойынша жұмыстар атқарылады. Ол жаңағы көшелерге, аялдамаларға, жаяу жүргінші жолдарына себіледі. 

Соңғы күндері солтүстікте ауа райы құбылмалы болып тұр. Синоптиктердің айтуынша, ертең дабылды ескерту жарияланады. Желдің екпіні секундына 30 метрге дейін күшеюі мүмкін. 

Наталия Левина, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директорының орынбасары:

- Ертең тағы да жаңбыр жауады. Ал ауа температурасы 0 градус болады. Түн суық. Сондықтан көктайғақ 3 күнге созылуы мүмкін. 

Көктайғақта тайып құлағандар да көп. Демалыс күндері қала көшелерінде 100 - ден аса адам жарақат алған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов