Қарағандыда автобустар 80% жаңарды

Қарағанды қаласында жолаушылар тасымалдайтын автобустар 80% жаңарды, деп хабарлайды 24KZ.

Тек биылдың өзінде мұнда 200-ге жуық жаңа автобус сатып алынған. Оның 150-ге жуығы қалаішілік бағыттарда қызмет көрсетсе, қалғаны облысаралық маршруттарға қатынайды.

Қарағандыда күніне 200 мыңнан астам адам қоғамдық көлікпен қатынайды. Мұны «Оңай» жүйесі енгізілгелі айна-қатесіз көруге болады. Себебі жолаушылардың 95%-і жол ақысын электронды төлеу жүйесіне көшкен. Нәтижесінде кондукторлармен ұрыс-төбелес жоқ, қоғамдық көліктің кестеден кешікпеуін қалтадағы телефон арқылы бақылап отыратын мүмкіндік туды.

- Менің өз басымда шағым жоқ. Одан артық қашан болады? Кейбірі тіпті бос өтеді, мен өз басым еш жаманшылық айта алмаймын. Бәрі дұрыс, өзім автобуспен жүремін.

- Бұрынғыдай ескі емес, қазір жақсы, жаңа, ыңғайлы. Уақытымен келеді, уақытымен апарады, бәрі ыңғайлы қазір.

Биыл автопарктер облыс бойынша 195 жаңа автобус сатып алды. Салыстырмалы тұрғыда былтыр тек 70-ке жуығы алынған. Нәтижесінде бұрын автобус күніне 2-3 рет әрең қатынайтын елді мекендерге тұрақты маршруттар ашылды.  

Марат Түсіпов, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Мысалы, Күнгей ықшам ауданында 2 бірдей маршрут ашылды. Сол маршруттардың бағытында 3 автобус жүр. Олар енді бұрынғы ескі автобустарға қарағанда, әлбетте, жақсы. Әлбетте, жаңа болғанын қалаймыз. Жаңа маршруттар қосылып, тұрғындар тасымалына жақсы себеп болып жатыр. Енді уақытын ғана бір ұзартса. Кешкілік 9-10-ға дейін. Себебі кейбірі кеш келіп қалады.

Жаңа көліктер жаңа талаптарға сай. Әсіресе мүгедектігі бар жандарға жақсы мүмкіндіктер жасалған. Арбамен кіре алмаса, көмекке шақыратын батырма бар. Бір автобуста 5 бақылау камерасы тұрақты түсірілім жасайды. Қоғамдық көліктің жаңаруына автобус зауытының облыста орналасқаны оң әсер еткен. 

Қазбек Мақышев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Қолданысқа ыңғайлы көбі – Yutong маркалы автобустар. Біздің климаттық жағдайға, біздің қолданыс ерекшелігіне жақсы келетін автобустар. Сондықтан мемлекеттік тарапынан да көрсетілген төмендетілген лизингтік қаржыландыру бағдарламасы да әсер етті.

Қарағанды облысында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер әлі күнге тегін жүреді. Төлем жүйесінің автоматты деңгейге көшкені автопарктерге көрсеткен қызметі үшін ғана субсидия төлеуге жол ашты. Мамандар қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жалғаса береді деп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.