Отандық электромобиль жолға шығады

Шымкентте құрастырылған электромобильдерге ғылыми негіздеме жасалып жатыр.

Жергілікті инженер-механиктердің қолынан шыққан автокөлік бөлшектері мен қосымша жабдықтар авторлық құқыққа ие болды.

Осылайша олар шетелдік компаниялардың тапсырыстарын орындап, отандық өнімнің үлесін арттырып келеді.

Әлемде баламасы жоқ мына электромобиль жергілікті инженер-механиктердің қолынан шыққан. «Кемет» деп аталатын автокөлік батареясын бір қуаттағанның өзінде 350 шақырымды еңсереді. Ал сағатына 100 шақырым жылдамдыққа небәрі 6 секундта жетеді. Автокөлік прототипі сенегалдық компанияның тапсырысымен жасалған.

Ырысты Байғозиев, инженер:
-
Прототип болғаннан кейін, бұның мақсаты тек қана біреу. Кейін осы бойынша көлік шығару ғой. Қысты күні көп электромобильдер тоқтап қалып жатады. Біз бұл жерде оны да қарастырып, аккульмульятор жылыту жүйесі автоматтандырылды. 5 градустан төмен болса өзін-өзі жылытып, ұстап тұра алады.

Ғылыми-техникалық прогреске бет алған инженерлер халықаралық әдістемені негізге алып отыр. Осыған сәйкес олар ауыл шаруашылығына қажетті электрлі трицикл құрастырған. Оған зертханалық талдау жасалып, сынақ жүргізілді. Ғылыми негіздеменің авторлық құқығы да қорғалды.

Дария Қожамжарова, университет ректоры:
-
Оған сертификат берілді. Патент алынды ғалымдардың тарапынан. Енді біз осыны келесі 2024-2026 жылға үлкен жоба ретінде дайындап, ұсынып отырмыз. Ғылыми жоба аясында коммерцияландыруға беруге мүмкіндігіміз бар.

Ұланбатыр Сүлейменов, техника ғылымының докторы, профессор:
- Канструкторлық жұмыстарға қосымша ғылыми жұмыс жүргізілетін болады. Мысалы мынау жасалып жатқан қуаттау қондырғылары, ішіндегі автоматикалары, оның техникалық шешімдері, оның электроникасы, орындалу процесстері олардың бәрі ғылыми негізделу қажет.

Инженер-ғалымдардың ендігі жоспары электрлі көліктерді қуаттауға арналған құрылғыны жаппай өндіріске шығару. «Оның ерекшелігі, сол аз уақытта толық қуаттауға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Ерлан Рахматуллаев, бас инженер:
-
2 жыл болды қуатты 0-ден жасап шығардық. Өзіміздің өңдеуіміз былай айтқанда. Қазір соңғы этаптамыз. Қазір патентін бәрін жасап, жұмысы жүріп жатыр. Себебі осы саланы іске асыру үшін бізде көбінесе қуат проблема.

Алдағы уақытта заман талабына сай экологиялық таза және дыбыссыз қозғалатын көліктер «Ғылым қоры» жариялаған конкурсқа ұсынылады. Жобалар жүлдеге іліксе, техникалық база заманауи қондырғылармен жабдықталады. Бұл автокөліктің шанағын автоматты жағдайда құрастыруға мүмкіндік бермек. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов