Көп қабатты үйлерді бір-біріне өте жақын салуға жол берілмейді

Елде көп қабатты тұрғын үйлерді бір-біріне өте жақын салуға жол берілмейді.

Бүгінде бұл ірі қалалардағы өзекті мәселеге айналған. Келер жылы құрылыс жұмыстарын бастау кешенді сараптама арқылы ғана мүмкін болады. Сондай-ақ заңнамалық түзетулер арқылы құрылыстың ұзаққа созылуының алдын алу көзделіп отыр. Үй сатып алуға алдын ала шарт жасасуға тыйым салынады. Бұл да үлескерледің сан соғып қалмауына кепіл. Ал құрылысы тоқтап қалған компанияларға айыппұл көлемі ұлғаяды.

Биыл коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оның аясында баспанаға аса мұқтаж тұрғындардың мәселесін шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Барлық қаржы көздері есебінен 2029 жылға дейін елде 111 млн шаршы метр баспана салу жоспарланған. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын шығару арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын бастау қарастырылуда. 37 мың пәтер «Отбасы банкі» арқылы сатып алуға қолжетімді болады. Облигациялық қарыздардан түсетін қаражат еліміздің барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін әкімдіктерге бөлінеді. 

Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекет басшысы өз Жолдауында баспана мәселесі азаматтарымыз үшін әрқашан өзекті екенін және мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Оны тұрғындардың барлық санатын ескере жан-жақты шешу қажет. Қазіргі уақытта азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр. Қабылданған шаралар халықтың үй жағдайын жақсартумен қатар экономиканың дамуына оң ықпал етеді. Бұл – кәсіпкерлік берсенділікті дамыту, құрылыс көлемін арттыруды ынталандыру және жұмыс орындарын құру.

7-20-25 ипотекалық бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзартылды. Оны іске асыруға жыл сайын 100 млрд теңге қарастырылады. Жуырда Парламент Мәжілісі тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасын қабылдады.

Сондай-ақ Сенат тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне қатысты заңды мақұлдады. 

Айнұр Арғынбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекеттік қолдаудың түрлі механизмдерінің көмегімен пайдалануға берілетін жаңа баспананың көлемі жылына 200 мың шаршы метрге артып отырады. Сонымен қатар «Өңір» депутаттық тобының жұмысы шеңберінде 2024-2026 жылдарға республикалық бюджеттен аймақтардағы құрылыс мәселелерін шешуге қаржы бөлінді. Нәтижесінде тұрғын үй кезегіндегілердің саны азаяды, өңір тұрғындарының баспана жағдайы жақсарады. Тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнамалық жетілдіру жұмыстары жалғасады. Алдағы уақытта «Отбасы банкін» трансформациялау, бірыңғай кезек базасын құру жоспарланған.

Сарапшылар бүгінде құрылыс саласындағы баға тұрақтанғанын айтады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сұраныстың төмендеуі байқалады. Құрылыс материалдарының нарығында қарқын бәсеңдеген. Қажетті бұйымдардың 30-40 пайызы шет мемлекеттерден алынады. 

Дархан Шілдебаев, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының сарапшысы:

- Ең бірінші терең өңдеуді қажет ететін кез-келген материал өкінішке орай біздің Қазақстанда дамымаған. Бізде ең көп дамыған нәрсе ол өте оңай материалдар, ол кірпіш, газоблок, құм, цемент деген материалдар бізде бар.  Ал мысалы лифт болсын, қазіргі айти технологиялардың кез-келген құрылыс материалдары оларды біз осы күнге шейін сырттан алып келеміз. Немесе керамика зауыттары бар Қазақстанда бірақ әралуандық мәселесі.

Елде білікті құрылысшы тапшы. Қарапайым тас қалаушы, әрлеушіге дейін сұраныс бар. Сапа жағынан да отандық мамандардың деңгейі көрші елдерге қарағанда көш ілгері. 

Дархан Шілдебаев, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының сарапшысы

- Мысалы, мен құрылыс саласында он жылға жуық жұмыс істеп келемін. Ашық айта аламын, Қазақстанның құрылыс сапасы көрші елдерге қарағанда шыныменде жоғары. Ресейден келетін мамандар да келіп бізден үйренетін жағдайлар бар. Өзбекстан құрылыс саласы екі жыл бойы қатты өсіп келе жатыр. Өскен сайын мамандар қажет етіледі. Мамандарға қажеттілікті олар Қазақстаннан тартып ол жерде жұмыс істеп жатқан көп маманды білемін.

Құрылыс материалдарының отандық өндірісін ұлғайту маңызды бағыт. Үкімет 2027 жылға дейінгі жол картасы аясында 270 жобаны іске асыру мақсатын қойды. Оның қатарында Қарағанды облысында бірінші сұрыпты әк зауытын, Астанада асфальт бетонын өндіру жоспары бар. Абай облысында цемент зауыты жаңғыртылады. Жетісуда қыш тақтайша өндірісі кеңейтіледі.