2023 жыл төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері үшін ауыр болды

Елде жыл басынан бері 11 мың өрт болды.

Өкініштісі сол, 300-ден астам адамның өмірі қиылды. Тұрғындармен қатар жалын ішінде құтқарушылар да жан тапсырды. Жалпы биылғы жыл төтенше жағдай қызметінің өкілдері үшін қиын болды десек қателеспейміз.

Ерлер елде орман өртін сөндірсе, шетелдерде жер сілкінісі кезінде зардап шеккендерге көмектесті. Қиранды астында қалғандарды құтқарды. Талайдың өміріне араша түсті. Мұндайда материалдық-техникалық база мықты болуы керек. Министрлік бұл бағытта биыл біраз жұмыс атқардық деді. Өрт сөндіру көліктері мен инфрақұрылым жаңартылған.

Қауіп, тәуекел, жедел әрекет. Биыл құтқарушылардың жұмысы қауырт болды. Тілсіз жаудың қаупі күшейіп, жыл бойы түрлі оқыс оқиға тығырыққа тіреді. Сонымен арпалысып жүріп, құтқарушылар 20 мыңнан астам адамның жанын арашалады. Алысқа ұзамай, Абай облысындағы өртті мысалға алсақ болады. Бірнеше күннің ішінде 60 мың гектар өртеніп кеткен еді. Мұнда да батырларымыз біліктілігін көрсетті.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Семей орманы резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Осы өрт кезінде  60 мың гектардан астамы жойылған.

Абай облысындағы өртте мамандар жедел әрекет еткенімен, техника кемшіл түсті. Тозығы жеткен өрт машиналарымен тілсіз жауды ауыздықтау оңай болмады.

Министрлік содан сабақ алса керек, салғырттықтың орнын толтыру үшін 1,5 млрд теңге бөлді. Оған биыл Абай облысында 10 өрт сөндіру машинасы алынды.

Техниканы жаңартуды тек Абай облысы емес, күллі Қазақстан қолға алды. Алдымен министрлік көпжылдық жұмыс жоспарын әзірледі. Енді құрал-жабдықтар мен техника алу үшін 10 млрд бөлінетін болды.

Рамиль Камалов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:

- Соңғы 3 жылда 650-ге жуық техника алынды. Алда өңірлерге 86 техника аламыз, одан кейін 66 техника аламыз. Бұған әкімдіктер де үлес қосып жатыр.

Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан және Алматы облысында биыл 6 өрт сөндіру депосы салынды. Шалғай аймақтарда 100-ден астам өрт сөндіру бекеттері құрылды. Құтқарушылардың да жалақысы көтерілді.

Рамиль Камалов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:

- Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері 20 мыңға жуық. Олардың жалақысы 10-нан 70%-ке дейін өсті. Егер өрт сөндірушілерге бөлек тоқталсақ, қазір 5-7 жыл еңбек өтілі бар өрт сөндіруші 275 мың теңге алады.

Өрт сөндірушілерге әлеуметтік көмек көрсету әрі қарай да күшейеді. Жауапты министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, бүгінгі күннің батырларына жайлы жағдай жасауды жалғастыратын мәлімдеді.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Дихамбаев.