Ақмола облысынан «Ауыл аманатына» екі жүзге жуық адам қатысты

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына Ақмола облысының 200-ге жуық тұрғыны қатысты.

Олар жаңадан кәсіп ашып, жеке бизнесін өркендетті. Бірі мал өсірсе, енді бірі құс пен сүт өндірісін дамытты.

Руслан Соколов осыдан бес жыл бұрын ірімшік зауытын ашқан. Қазір сүт өнімінің 30-дан астам түрін шығарады. Алыс-жақын шетелдерден сұранысқа ие. Кәсіпкер биыл Франциядағы байқауға қатысып, екі қола медальмен ерекшеленді.

Руслан Соколов, кәсіпкер:

- Ірімшік дайындауға көп уақыт кетеді. Өз ісіңді ұнатсаң, еш қалжырамайсың. Өз басым ірімшік жасағанда ерекше демаламын. Қазір шикізат табу қиындық тудырып тұр.

Кәсіпкер биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие алып, зауыттағы техникалық базаны нығайтқан. Бұның бәрі өндірісті әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік берді. Русланның айтуынша, қазір кәсіп ашамын деген жандар мемлекеттік қолдаусыз қалмайды.

Руслан Соколов, кәсіпкер:

- Ештеңеден қорықпауға кеңес беремін. Әсіресе кәсіп ашуда мүлдем қаймықпаған жөн. Себебі «жатқан тастың астына су бармайды» деген сөз бар ғой. Қазір кәсіпкерлерге мемлекет зор қолдау көрсетіп жатыр. Сондықтан сол мүмкіндікті пайдаланып, батыл қадам жасау керек.

Осындай шағын кәсіпорындар арқасында өңірде ірімшік өндірісі 23 пайызға ұлғайды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 1,2 млрд теңге несие берілді. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік берді.

Кенеш Әлімжанов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бөлінген қаржының басым бөлігі, яғни 1 млрд теңге мал шаруашылығын дамытуға бағытталды. Бағдарлама келер жылы да жалғасады. Өтінімдерді қабылдай береміз. Қазір мал шаруашылығын дамытуға өтінімдер түсіп жатыр.

Жалпы жыл санап жергілікті шаруаларға көрсетілетін қолдау артып келеді. Тек биылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласына 115 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржының тең жартысы қайтарымсыз субсидия есебінде берілген.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко