Отбасы берекесін қашыратындар қатаң жауапқа тартылуы тиіс

2023 жылы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия 5,5 мың құқықтық түсіндірме жұмысын жүргізген.

Тұрмыстағы зорлықтан зардап шеккен 3600-ден астам адамға жан-жақты көмек көрсетті. Жылдың басты жетістігі әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігі мәселесіне қатысты арнайы заң жобасының әзірленуі. Тиісті нормалар қабылданса, саладағы құқық бұзушылыққа қатысты жаза қатаңдатылады.

Жанұяның берекесін қашыратындар қатаң жауапқа тартылуы керек.  Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия отырыстарында осы мәселе талай көтерілген. Тіпті Қылмыстық кодекске «тұрмыстық зорлық» деген жеке бап енгізу ұсынылды.

Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Арнайы бөлек осындай бап болатын болса, онда қылмыстық кодекстегі барлық қылмысты қарастыратын баптар соның ішіне кіруі керек. Мысалы ауыр дене жарақатын не болмаса орта дене жарақатын келтіру не өлім, өлімге жеткізу – осы баптың бәрі онда соның ішінде қамтылуы керек. Қылмысқа баратын адамдар «ертең маған ештеңе болмайды, мен үшін заңда қатаң шаралар көзделмеген» деп, бұл да бір себебі болуы мүмкін.

Осындай ұсыныстар енгізілген заң жобасы 2024 жылы Парламентте қаралады. Айта кететіні, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев желтоқсанда «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына» қол қойды. Стратегиялық құжат 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-психологиялық түзеу бағдарламасын қабылдауды көздейді.

ЦИТАТА:

Жеміс Тұрмағамбетова, «Адам құқықтары хартиясы» ҚҚ атқарушы директоры:

- Сонымен бірге балалар құқығына баса мән беру керек. Балалар құқығы ұғымы әлімжетікке қарсы күреспен шектелмеуге тиіс. Оның ішінде жыныстық қолсұғу, тиісу, некесіз туған балаларға қорлық көрсету де кіреді. Жауапсыз ата-анамен тұрып жатқан балалардың да мүддесін қорғауымыз керек. Қазір мемлекет басшысы азаматтық қоғам белсенділерінің ұсыныстарын күтіп отыр. Өйткені мемлекеттік органдар үкіметтік емес сектордың бастамаларынан бас тарта алмайды.

Әйелдердің құқығын қорғап қана қоймай, олардың бастамаларын қолдау да аса маңызды. Ұлттық комиссия биыл әлеуметтік маңызы бар 7 жобаны іске асырған. Соның бірі ауыл мен қалалардағы белсенді қыз-келіншектердің қоғамдық-саяси өмірге араласуына мүмкіндік беретін «Томирис» білім жобасы. Бүгінде 560 белсенді адам оқытылды.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы:

- Жасалып жатқан шара сол мемлекеттік қолдаудың бір көрінісі деп білемін. Сондықтан жалпы біздің қоғамда әйел-ананың орны әрқашан да құрметпен бағаланады. Әйел араласқан қай істе де береке бар. Ер азаматтармен қатарласып, осындай үлкен қызметте жүріп, өздеріңіздің еліміздің дамуына, өркендеуіне үлкен үлес қосып келе жатырсыздар. 

Ұлттық комиссияның 2024 жылға құрған жоспары ауқымды. Мақсат – әйелдердің құқығы мен мүддесін қорғай отырып, олардың қоғамға қосар үлесін арттыру.

Бақыт Топтаева