2024: ұлу жылында бізді не күтеді?

Ұлу жылында елімізді не күтеді?

Санаулы сағаттан соң ескімен есептесіп, жаңаны жаңғыртатын кез келеді. 2024 жыл қандай оқиғалармен есте қалады? Болжам қандай?

Ұлу жылы әдетте кібісе жылмен тура келеді. Яғни, 4 жылда бір айналып келетін, Григориан күнтізбесі бойынша 365-тің орнына 366 күннен тұратын жыл болып есептеледі. Кейбір жылдары ол да жайсыз келіп отырған. Мәселен, ұлу ел есінде 1916 жылы болған Ұлт-азаттық көтеріліспен есте сақталған.

Тәттігүл Картаева, этнограф-ғалым:

- Ұлу жылы бір айналымда жайлы болса, бір айналымда ол жайсыз болады және келеңсіз оқиғалармен халық санасында есте қалып отырған. Ал ХХ ғасырдың соңғы кезеңінде десек болады, 1916 жылы Ұлт-азаттық көтеріліс болды, 2028 жылы – Голощекиндік қырғынды ұжымдастыру «қызыл қырғынның» басталған кезеңі.

Бірақ ырымшыл қазақ ұлуды суда жүргендіктен, «қуаңшылық» болмайды деп жорамалдаған. Яғни, астығымыз мол, шөбіміз шүйгін болады дескен. Сол үшін де ұлу жылы халық үшін жайлы әрі жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек. Тіпті 1976 жылы әлем бойынша демография өсіп, Жер шарының 4 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келген екен. Ал 1988 жылы араға 62 жыл салып, Наурыз мерекесі қайта тойлана бастаған.

Тәттігүл Картаева, этнограф-ғалым:

- Қазақ халқы болжам жасап отырған. Ұлу жылы негізінен қолайлы жылдардың қатары болып саналады. Қысы қарлы болады, қар еріп, жерге сіңгенде, көктеміндегі шөп шүйгін болады, қалың болады шөбі, жалпы жыл жауын-шашынды болады деп күткен.

Сандардың сырын шертетін нумерологтар 2024 жылға өз болжамын жасаған. Жадыра Каладинованың айтуынша, ұлу – ауқымды жобаларға жол бастайтын, мол табысқа кенелетін жыл. Кәсібін дөңгелетіп, нәсібін арттырамын деушілерді тұрақтылық күтіп тұр. Ал тұрақты қызметтегілерде карьералық өсім болады. Берешегі бар азаматтарға қарыздан құтылуға мүмкіндік ашылады. Ал өмірлік серігін іздеп жүргендер жаңа жылда жарын кездестіруі әбден мүмкін.

Жадыра Каладинова, нумеролог:

- Ұлу жылы өте жақсы, ашық, мүмкіндіктерге толы жыл саналады. Негізі ұлу жылы берекелі, бай-қуатты, өзінің энергетикасы бар жыл болып саналады. Ұлу көп жұмыс жасаған адамды жақсы көреді. Себебі жылдың энергетикасы сол. Мысалы, алдыңғы 2023 жыл жұмсақ, әйелдік энергия болған болса, қазір кіріп жатқан 2024 жыл – еркектік қатты энергия. Ол не? Ол – жұмыс жасау, алдыға ұмтылу, мақсаттар қою және соған жету.

Иә, ұлу жылының жұртшылыққа берер сыйы мол. Бастысы, мүмкіндікті жіберіп алмай, әрекет ету керек.

Авторлары: Альмира Оразбай, Марат Диханбаев.