Қостанай облысында шөп бағасы құбылып тұр

Қостанай облысында қазіргі кезде шөп бағасының парқын бағамдау қиын, деп хабарлайды 24KZ.

Бір аумақта тоннасы 40-45 мың тенге тұрса, енді бір жерде 25-30 мың тенге шамасында. Мұндай айырмашылықты мамандар жол шығынымен, техника, жанар-жағармайдың қымбаттауымен түсіндіреді. Ал ауылшарушылық басқармасындағылар өңірде шөп бағасы тұрақты деп отыр.

Аманкелді ауданының Есір ауылында тұратын Монтай Өтепбаевтың жеке шаруашылығында 3-4 бас ірі қара, 1-2 жылқы, 10 шақты ұсақ мал бар. Биыл қысқы азыққа деп1-2 бас мал сатып, шамамен 400 мың теңгеге 10 тоннадан астам бума шөп сатып алыпты. Оның өзі көктемге жетер-жетпесі неғайбыл, - дейді.

Монтай Өтепбаев, Есір ауылының тұрғыны:

- Жылма-жыл шөптің бағасы шарықтап кетіп бара жатыр. Былтыр енді 30-35 көлемінде болған, биыл енді 40-45-ке дейін кетті. Қазір рулондарың 7 мыңнан болғанда бір рулонда көп болса, 200 келі ғана шығады. Білмеймін алдағы уақытта қалай болатынын, көктемде 10 мыңға кетіп қалады бір рулоның шөп біткен кезде.

Жалпы облыстың оңтүстік аудандары шабындық, жайылымнан кенде емес. Бірақ жерді иеленіп қалғандар шөп саудасын бизнес көзіне айналдырған. Жергілікті әкімдіктегілер олармен бағаны өсірмеу жөнінде меморандумға отырған. Басқаша ықпал етуге құзыры жоқ.

Арман Саржанов, Аманкелді ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- «Тележкаға» тиеп сататын «рассыпной» шөптерді 40 мыңға шейін апарды деген фактілер болды. Бірақ енді біз жеке өз басым көрген жоқпын. Негізі 35 мың былтыр болған-тұғын. 36-40-тан сатқан кісілер болды. Бұл жерде енді бағаға, жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына ықпал ете алмаймыз.

Ал облыстық ауылшаруашылық басқармасы ай сайын аудандардан ақпарат жинап отырады. Сол дерек бойынша орташа бағаны шығарады. Желтоқсан айындағы сараптамаға сүйенсек, шөп бағасында ауытқушылық болғанымен, өткен жылдармен салыстырғанда қымбаттамаған.

Нұржан Қашақов, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы:

- Бір ауданда 35 мың болуы мүмкін тоннасы, бір ауданда 30 мың, келесі ауданда 25 мың, осындай бағалар айырмашылықтары бар. Соны біз есептегенде, яғни орташа бағасын шығарғанда осындай баға шықты. 25 мыңнан 30 мың. Баға бойынша өсім жоқ.

Облыс бойынша былтыр 1 миллион 109 мың тонна шөп жиналды. Сүрлем, пішен, жем азығы да қажетті көлемде дайындалған. «Қысқасы, қыстан қысылмай шығуға мал азығы қоры жеткілікті», - дейді ауылшарушылық басқармасының өкілдері.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.