Энергетика мәселесі басты назарда

Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту - өте ауқымды әрі күрделі міндет.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты. Мемлекет басшысы коммуникация және жылу станцияларының сын көтермейтін жағдайларын атап өтті. Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары деді. Атап айтқанда, өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Сондықтан Президент коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін мәлімдеді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бұл салаға үш триллион теңгеге дейін қаржы тартып, ескірген жылу электр орталықтары мен инженерлік желілерді жөндеуге септігін тигізеді. Алайда, бұның өзі жеткіліксіз. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерден батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керектігін талап етуде. Саладағы мәселемен жақсы таныс техника ғылымдарының кандидаты Сәуле Рахметуллина энергетика жүйесінде еңбек ететін мамандардың тапшылығын айтады. Ол бұл ретте «дуалды оқыту бағдармаласы аясында қажетті қызметкерлерді тез дайындау керек», - дейді.

Сәуле Рахметуллина, техника ғылымдарының кандидаты:
- Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында мамандар тапшы. Бұл маңызды мәселені кешенді түрде шешіп, жаңа технология енгізу керек. Оған қоса, Өскеменде жаңа жылу электр орталығы болатынын білесіздер. Сондықтан, сөзсіз мамандар дайындау қажет және бұл істі қазір қолға алдық.