Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығы тойланады

Біздің ел биыл ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын тойлайды.

Дара тұлғаның мерейтойы туралы Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтты.

Иә, «Ғалымның хаты өлмейді». Академиктің мерейтойын ел болып атап өтеміз.

Қаныш Сәтбаев технология дамымаған заманда-ақ елдегі кен қорын барлап, мөлшерін айтып кеткен. Біз әлі күнге Баянауылдан шыққан ғалымның сол ашып кеткен кен орындарын қазып, елдің игілігіне жаратып келеміз.

Оның геологиядан бөлек, металлургия, су шаруашылығы тіпті әдебиет пен мәдениетімізге қосқан үлесінің де өлшеусіз екенін білеміз. Қазақтан шыққан тұңғыш академик Қазақ ғылым академиясының да негізін қалаған. 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Баянауыл ауданында дүниеге келген. Сондықтан мерейлі жылда атқарылатын мәдени және рухани іс-шаралар академиктің туған жерінен бастау алмақ. Баянауыл ауданында мемориалдық кешен ашылады. Сонымен қатар ғұлама ғалымның  музейі жаңартылады. Ал Астана қаласында Сәтбаев орталығы құрылады. Бұл бастамалар қазақ елін әлемге танытқан тау тұлғаның еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ету үшін керек. 

Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мен әрқашан да айтып жүремін, ғалымдардың есептеуі бойынша бір ғана Ұлытау, Жезқазған өңірінен 200 миллиард доллорлық пайданы қазақ еліне тек қана бір элемент – мыстан ғана келтірген. Ал енді бүкіл байлығын есептейтін болсақ, сонау Маңғыстаудағы, Атыраудағы мына бүгінгі мұнайдың болатыны, мына қазақ елінің дамуына әсер ететінін бәрін болжап кеткен.

Сәтбаев ашқан жаңалықтар еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Қазақ ғылымының негізін қалаушы, тұңғыш академик археологиялық қазбалар мен пайдалы қазбалар арасынан байланыс іздеген. Қаныш Имантайұлы 1948 жылы Ақмола облысының Астана болатынын айтып кеткен. Сонымен қатар «Ертіс-Қарағанды» қазіргі Сәтбаев каналының  жобасын жасаған.

Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Сол кісінің арқасында бүгінгі күні қаншама шөлейт жерлердің барлығы сумен қамтамасыз етілді. Әрине, тек қана сумен емес, оның бойына қалалар салынды. Ауылдар салынды. Мысалы, бір ғана Екібастұздың өзін алып қараңызшы, қандай бүгінгі күні үлкен қаланың деңгейіне жетті.

Қаныш Сәтбаев – Менделеев кестесіндегі барлық элементтердің қазақ жерінде бар екенін әлемге дәлелдеген тұлға. Ол әдебиетке, оның ішінде  қазақтың фольклорына да жақын болған. 

Амантай Құдабаев, философия ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Мына қазақ мәдениетіндегі ең үлкен нәрсе – бұл біздің фольклорымыз, мына ауыз әдебиетіміз. Осы Едіге туралы жазған Қаныш Сәтбаевтың еңбегі қазақ халқында үлкен бір өзінің ізін қалдырды. Өйткені осы Едігенің ішінде қазақ халқының батырлық бейнесі көрінеді.

Қаныш Сәтбаевтің 125 жылдығын тойлауға арналған жалпыреспубликалық жоспарда 52 пункт қабылданды. Оған ірі жобалар кіріп отыр. Тұңғыш академиктің есімін мектептер мен колледждерге беру, көркем және деректі фильмдер түсіру. Түрлі форматтағы мемлекеттік наградалар тағайындау және Ресей Федерациясында ескерткіш орнату. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы Павлодардың әуежайына Сәтбаевтың есімін беру туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Жоба осы жылдың сәуір айында, атақты ғалымның туған күні қарсаңынды жүзеге аспақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.