Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл

«Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осылай деді.

Биыл ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады.

Ал Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл. Президент қазақ мемлекетінің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынатынын айтты. Демек биыл әлем назары әйгілі қолбасшы Жошы ханның кесенесі орын тепкен Ұлытау даласына ауады.

Қазақ хандығы кешегі Алтын Орданың тікелей мирасқоры десек, сол орданың тарихы Жошы ұлысынан тамыр тартады. Бүгінде Ұлытау даласында республикалық маңызға ие 12 тарихи-мәдени кешен бар. Оның тең жарымы Жошы дәуіріне тиесілі. Тек өзіміз білгенімізбен, өзгелерге жұмбақ күйде. Себебі әлі күнге Жошы ұлысының тарихы толық зерттеліп біткен жоқ.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысының негізгі басым бағыт беретіні – біздің тарих – Қазақ хандығы ғана емес, Шыңғысхан мемлекетінің құрған империясы, Жошы ұлысы, кейін Алтын Орда, оның алдында Түрік қағанаты. Осының бәрі де – сабақтастық. Үлкен тарих бар. Осы тұтас тарихымызды халыққа жеткізу, сіңіру. Тек қана мынау XVI ғасырдан бері оқымай.

2019 жылы өңірге сапарлап келген Мемлекет басшысы Ұлытау жерін тарихи туризмнің ортасына айналдыру үшін алдымен Жошы кесенесін әлемге паш етуді тапсырған болатын. Ізін ала үлкен тарихи кешен тұрғызылып, соңғы 2-3 жылдың көлемінде халықаралық конференциялар ұйымдастырылып келеді. Жергілікті тарихшылар: «бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады», - дейді.

Бақытжан Көпбаев, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау орталығының директоры:

- Кезіндегі Әлкей Марғұлан картаға түсіріп кеткен ескерткіштердің орны, сонымен қатар Жошы кесенесінің қасындағы кірпішінің құйылу пештері т.б. дүниелері әлі толық зерттеледі деген ойдамыз. Облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау мекемесінің жылдық жоспары бар. Сол жоспарға сәйкес осы Алтын Орда дәуіріне тән ескерткіштерге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Өткен маусымда Жошы кешеніне 20 мыңнан астам адам саяхаттап келген. Туристер нөпірін арттыру үшін алдымен қызмет көрсету сапасын арттыру маңызды. Бұл ретте тарихи орынға апаратын жол салынып жатыр. Облыста 4 туристік бағыт жасалған.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Осы 800 жылдық одан сайын туристердің арасында қызығушылық, шет  елден де қызығушылық көбейеді деп жоспарлап отырмыз. Бірқатар іс-шара ұйымдастырамыз. Соның арасында туристік компанияларды шақырып, осы жерлерді көрсетіп, тур ұйымдастырып. Бізде тек қана Жошы хан емес Әулиетау, арғы жағында Алтыншоқы, мына жақта Болған ана, Теректі әулие сияқты әлі де көпшілік көрмеген жерлеріміз бар.

Былтыр Үкімет шешімімен Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан «Жошы орталығы» құрылды. Алып империяның құрылу тарихы мен билеушілері жайлы ғалымдар жүйелі түрде зерттеу жүргізіп келеді. Себебі тарихи орындардың шежіресін ғылыми түрде дәлелдемей, жұртты сендіру де, турист тарту да мүмкін емес.

Осы орайда Мемлекет басшысның кешегі сұхбатында «Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуына орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынбақ» деуі көп мәселенің шешімін табатынынан хабардар етеді. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.