Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына 3 төрағалық етеді

Биылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан 3 жыл бойына төрағалық етеді.

Ұйым Арал аймағы экологиясы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша үлес қосып келеді. Дегенмен сала мамандары «Қордың мүмкіндіктер аясын әлі де кеңейте түсу қажет. Арал теңізіндегі тіршілікті қалыпты жағдайға келтіру үшін қолға алынуы тиіс жобалар аз емес» деген пікір айтып, халықаралық қордың қарқынды жұмысына үмітпен қарайтынын жасырмайды.

Кіші Арал теңізі кемеріне келу үшін жыл сайын 3 миллиард текше метр су құйылып тұруы тиіс. Соңғы 3-4 жылда Сырдария өзеніндегі су азайып, айтулы айдынның деңгейі төмендеп кетті. Ал тұздылығы артып барады.

Батырхан Пірекеев, Қаратерең ауылының тұрғыны:

- Ғылым бойынша балық 12 промильде уылдырық жаруын тоқтатады. 16 промильде қоректенуін тоқтатады. Біз былтыр тексерген кезде теңіздің жағдайы өте төмен болды. 10-нан 24 промильге дейін барды. Шикізат қорының азаюына байланысты Арал, Қазалы аудандарындағы көптеген зауыттар келешек тоқтап қалуы мүмкін.

Тіршілік нәрінің тапшылығы трансшекаралық өзеннің жағдайына тікелей байланысты. Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығына орай откен Саммитте Мемлекет басшысы Аралдың негізгі су көзі саналатын мұздақтардың еріп бара жатқанын атап өткен болатын. Президент су бөлуді автоматтандырылған жүйе арқылы бақылау және Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін де алға тартуы бекер емес.

Зәуреш Әлімбетова, ҚР Халықаралық Аралды құтқару қоры директорының орынбасары:

- Көптеген жобаларды атқара білдік, қорда ондай ақша болмағанмен. Осы 2022 жылы бірінші рет Арал теңізінің табанында Қазақстан бөлігінде біз 500 метрден өзі ағып тұратын скважина бұрғыладық. Сол скважина көптеген біздің өсімдіктер өсіретін жобаға басқаша технология қолдануға қол жеткізіп жатырмыз.

Арал теңізінің құрғаған табаны 4 миллион гектардан асады. Осынау тұз бен шаң ұшып жатқан аумақты жасыл желекке айналдыру жұмыстары 2000 жылдан басталды. Содан бері 395 мың гектар алқапқа сексеуіл егілді. Ал 2021 жылдан бастап Президент тапсырмасына орай 1,1 миллион гектар теңіз табанын өсімдікпен көмкеру қарқын алды.Теңіздегі тіршілікті түлетуге арналған осындай жобалар Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан төрағалық ететін 3 жылда жандана түседі, - деп сенеді мамандар.

Марат Құрманбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы:

- Вегитациялық кезеңде Арал теңізіне суды тастау үшін Қараөзек су қоймасын салуымыз қажет. Көктемгі кезеңде бір миллиард текше метр су жинауға болады. Халықаралық түрлі қауымдастықтардың, қаржы институттарының назарын бізге аударып, гранттар бөлуді осы қордың күн тәртібіне қойсақ деген ойларымыз бар.

Мамандар аумағы 40 мың гектар болатын Ақшатау және Қамбаш көлдер жүйесін суландыру үшін Сырдария өзенінен тағы бір бөгет салуды ұсынады. Ал Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу мақсатында 2005 жылы салынған 9 өткізгіші бар Көкарал бөгетінің су үңгіп тастаған бөлігін жөндеу жұмыстары биыл жалғасатын болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.