Алматыда 13 мыңнан астам ғимаратқа сейсмоаудит жасалады

Биыл Алматыда 13 мыңнан астам нысанның сейсмикалық төзімділігі тексеріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Әр үйдің, мектеп пен балабақша және басқа да ғимараттардың электронды паспорты жасалады. Осы арқылы мамандар әр жылдары салынған нысандардың сейсмикалық төзімділігін бірыңғай базадан көре алады.

Бұл – Әуезов ауданындағы №9 жалпы білім беретін мектеп. Сейсмикалық аудит қорытындысынан кейін жарты ғасыр бұрын салынған ғимаратты күшейту туралы шешім қабылданған. Қалалық әкімдік әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Былтыр 8 мектеп пен 1 балабақшаға сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізілген. Биыл тағы 11 ғимараттың құрылымы күшейтіледі. 

Серік Ғалиев, қалалық құрылыс басқармасының бас маманы:

- Сейсмикалық күшейту жұмыстары кезінде салмақ түсетін конструкцияларды нығайту жұмыстары – бұл колонна, ригель, фундаменттерін нығайту жұмыстары. Сонымен қатар сейсмикалық күшейту жұмыстарынан бөлек, біз күрделі жұмыстарын жүргіземіз ол нысанда. Ол шатырын ауыстыру, фасадын ауыстыру, әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерін алмастыру және аумағын абаттандыру жұмыстары қарастырылған.

Қаладағы ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» өкілдері тексереді. Мекеме мамандары былтыр 3500 нысанға аудит жасаған. Әрқайсысының электронды паспорты жасалып, онда нысан туралы барлық ақпарат қамтылады. Айта кетейік, институт мамандары 2017-2018 жылдары 10 мыңнан аса ғимараттың сейсмикалық паспортын жасаған.

Ералы Шоқпаров, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының басқарушы директоры:

- 10522 нысанның ішінде мынау 30%-і сейсмикалық берік емес деп танылды. Бірақ бүгінгі таңда 2018 жылдан бері ол ғимараттардың көбі, мысалы, тұрғын үйді алатын болсақ, тұрғын үйлер сүріліп жатыр. Ал мектеп, балабақша болса, 2018-ден бері біраз уақыт өтті, ол ғимараттардың көбі күшейтіліп жатыр.

Алматы сейсмологиялық жағынан қауіпті аймақта тұрғандықтан мұндай зерттеулердің маңызы зор. Осыған дейін 1990 жылы сейсмоаудит жасалған. Одан кейін 2008 жылы жапондық мамандармен бірлесе 450 үйдің төзімділігі анықталыпты. Ал 2017 жылдан бастап жүйелі түрде және жаппай тексеру жүргізіліп келеді. Биыл тағы 13 мыңнан аса ғимарат зерттеліп, қорытынды жасалады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев, Радик Жакупов.