ШҚО-да қандай тарифтік өзгерістер болады?

Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық кәсіпорындар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Өскемендегі жылу орталығының өкілдері: «тұтыну тарифін 24%-ке дейін көтеру қажет», - дейді. Ал Риддерде жылумен жабдықтау бағасын 11%-ке арттыру жоспарланып отыр. Қосымша инвестициялар есебінен Ахмирово ауылындағы қазандықты қайта жаңғырту көзделген. Сонымен қатар жылу құбырларының 7 учаскесі жөнделу керек. Энергетиктердің жалақысын көтеру де – өзекті мәселенің бірі. Өйткені қаланың жылумен жабдықтау ұйымдарынан былтыр 80-нен астам маман жұмыстан шығып кеткен.

Жұмагүл Мүсіпова, ШҚО бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департамент басшысының орынбасары:

- «Өскемен ЖЭО», «Өскемен жылу жүйелері» және Рябинина жеке кәсіпкерлерінің жылумен жабдықтау қызметтеріне жаңа инвестициялар тарту жоспарланып отыр. 2,8 миллиард көлемінде инвестициялар біздің жылу қазандықтары мен жылу желілерін жөндеу жұмыстарына тартылады. Аталған есептеулер түпкілікті емес, департамент өзінің саралауын, есептеулерін жүргізіп, соңында нақты шешім қабылдайды.