Қыс ортасында Алматы тауларында бәйшешек гүлдеді

Фотограф Дмитрий Доценко көктемнің алғашқы гүлінің суреттерін жариялады.

Мегаполис үшін биылғы қаңтар айы өте жылы және қарсыз болып тұр. Тауда ғана емес, тіпті ауладағы гүлдер де бүршік жарған. Ал қала маңындағы бақтар мен аулаларда галантус гүлдеп жатыр. Қаңтардың қытымыр аязын жаймашуақ күндер алмастырғандықтан, мамыргүл де жапырақ жая бастады.

Жанна Білімқұлова, қала тұрғыны:

- Біздің ауланың бәйшешегі өзі ерекше негізі. Былтыр қаңтар айында гүлдеген болатын. Алдыңғы жылдары ақпан айында, биыл тіпті желтоқсан айында гүлдеп кетті. Зейнеткер апаларымыз бар. Сол кісілер қарайды. Біз бала-шаға жүгіріп жүріп көмектесеміз. Алматыға көктем шықты десек, ауылдағылар, солтүстік жақта тұратындар таңғалып жатады.