Елдің солтүстігін газдандырудың балама жолы

Сенаторлар солтүстік және Ақмола облыстарына газ жеткізудің балама жолдарын ұсынды.

Ол Сарыарқа магистралді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу арқылы жүзеге асуы мүмкін. Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп жақын арада таңдау жасап, аталған аймақтарды газдандырудың нақты мерзімін белгілеуі тиіс. Себебі, облыстарды газдандыру қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді: Мәселен солтүстік Қазақстан облысында 532 мыңнан астам адам тұрса, оның 56% ауыл тұрғындары. Ақмола облысындағы 788 мың халықтың 43%-ы ауыл-аймақта тұрады. Көгілдір отын тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етумен қатар, негізгі аймақтық проблема саналатын халықтың көші-қонын азайтуға септеседі. Қоршаған ортаға зиянды шығындарды үш есе азайтуға, аймақтың орман қорын сақтауға да жағдай жасайды.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл облыстардың халқы табиғи газдың өмір сүру сапасына қалай әсер ететінін ондаған жылдан бері газы бар көршілес жатқан Қостанай, шекаралас ресейдің түмен, омбы, қорған облыстары тұрғындарының тұрмысынан көруде. Өзгелер көгілдір отынның қызығын көріп жатқанда көрші отырып көмір тасыған ауыл тұрғындарының тілегін жеткізіп отырмыз. Солтүстік облыстарды газдандырудың балама жолдары бар. Олардың бірі РФ Түмен облысының Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистралді газ құбырын салу. Түмен облысының солтүстік аудандары Омбы магистралді газ құбырына қосылу үшін ең жақын нүкте Петропавл қаласынан 156 км орналасқан Түмен облысының Ишим қаласы. Омбы қаласынан Петропавл қаласына газ жеткізу нұсқасын да қарасытруға болады.