Таразда дауылды желден 9 адам жарақат алды

Таразда қатты жел тұрып, салдарынан 9 адам түрлі жарақат алды.

Дәрігерлердің мәліметінше, ауруханаға жеткізілген науқастардың бірінің миы шайқалса, кейбіреулері қол-аяғын сындырған. Ақ халаттылар жарақат алған тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіп үйлеріне қайтарды. Кеше кеште басталған желдің екпіні секундына 30 метрге жетті. Дауылды жел, кей үйлердің шатырын ұшырып, 50-ге жуық ағашты құлатты. Кейбір көшелерде электр бағаналары да қирап жатыр. Жалпы тұрғындардан 300 хабарлама түскен. Қала бойынша 250 үй жарықсыз қалды. Қазір коммуналдық мекеме қызметкерлері, қаланы тазарту жұмыстарымен айналысып жатыр.

Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

- Электр энергиясын қалпына келтіру бойынша 12 жұмыс бригадасы жұмылдырылған. Онда 50-ге жуық маман мен 14 техника жұмылдырылған. Енді әлеуметтік нысандарда жалпы жылыту маусымына байланысты жылу қамтамасыз етілген. Штаттық режимде жұмыс жалғасуда. Бірақ мектепте оқыту онлайн режимге көшірілді. Бүгінше барлық мектептерде осы Тараз қаласы бойынша онлайн режимде оқу жалғасуда.