Қазалы ауданында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

Қызылорда облысының Қазалы ауданында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді.

Олардың қатарында 250 орынды мектеп пен 600 орынды мәдениет үйі бар. «Жаңа нысандардың ашылуы – аудандағы бірқатар мәселені шешуге сеп болды»,-дейді мамандар.

Әйтеке би кентіндегі 200-ден астам бала алыстағы мектепке қатынап жүрген еді. Оларды тасымалдау үшін арнайы автобус берілді. Дегенмен оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар жаңа мектеп ашуды сұраған.  

Айгерім Мейірманова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Қыстың күндері тоңып қалады, жұмыста боласың, балаларымызды таксимен қатынататын едік. Енді мынау үйдің қасынан жақсы болды. 

Үйінің қасынан мектеп ашылғанына қуанған үш баланың анасы тек Әйгерім ғана емес. Үшінші тоқсаннан бастап бұл білім ұясына 268 бала қабылданды. Олар аудан орталығындағы алыс орналасқан түрлі мектептерде білім алып жүрді.  

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қазалы ауданында биыл тағы екі жайлы мектеп салынады. Оның бірі Жаңқожа батыр ауылынан, ал екіншісі Әйтеке би кентінен бой көтереді. Аталған оқу ошақтары іске қосылғаннан кейін аудандағы үш ауысымда білім беретін және апатты мектептер мәселесі толық шешімін табады.

Былтыр Қызылорда облысында 600 орынды мектеп пен 1850 орынға арналған төрт қосымша ғимарат салынды. Білім беруге қатысты өзекті мәселелерді шешу биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында жалғасады,-дейді мамандар. 

Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Оның бер жағында 2023 жылы 10 жайлы мектептің құрылысы басталды. Биыл 2024 жылы 11 жайлы мектептің құрылысы басталады. Біз осы арқылы апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептің мәселелерін толық шешетін боламыз.

Қазалы ауданында бұған дейін мәдени көпшілік шараларды өткізу мен өнер үйірмелерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік жоқ еді. Өйткені, аудан орталығында тиісті талапқа сай мәдениет үйі болмады. Бұл мәселе де шешімін тауып, 600 көрерменге арналған залы бар жаңа ғимарат қолданысқа берілді.  

Болат Жолтаев, Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің басшысы:

- Үлкен республикалық шаралар өткізгенімізде, басқа да конкурстар өткізгенімізде тарлық етіп, халықтың көбі сыртта тұратын. Сырттағы бейнеқұралдар арқылы тамашалайтын еді. Бұл енді біз үшін үлкен сый болып тұр.

Былтыр өңірде 4 клуб пен 2 орталық қолданысқа берілсе, биыл 13 мәдени ошақтың құрылысы жүргізіледі. Олардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерден ашылады.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев