Дінмұхамед Қонаевты алматылықтар ерекше ықыласпен еске алды

Ұлт мақтанышы, аңыз адам. Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл.

Айтулы датаға орай, алматылықтар тарихи тұлғаның рухына тағзым етіп, еске алды. Мүсініне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады. Іс-шараға саясаткердің туыстары да қатысты. Жылы естеліктерімен бөлісті.

Көрнекті саясаткер, дипломат, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Қонаевты алматылықтар бүгін ерекше ықыласпен еске алды. Шараға зиялы қауым өкілдері мен қайраткердің туған туыстары көп жиналды.

Аңыз адамның басты қасиеттері адамсүйгіштігі, әділеттілігі, биік адамгершілігі, нақтылығы. Ол ғажайып дана кісі еді, - дейді жиналғандар. Өз ісі арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болған.

Жаннет Серікбаева, Д.А.Қонаевтың жиен қарындасы:

- Ол кісінің  мейрімінде шек жоқ еді. Ол кіммен сөйлессін, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, сол адамды барынша түсінуге тырысатын. Туған- туыстарына да барынша  қамқор  болды. Бізге өзінің баласы сияқты қарады.

Жиналғандар саясаткердің мұражай-үйіне де барды. 90 жылдығында ашылған бұл ғимарат 20 жылдан астам уақыт  жұмыс істеп келеді. Содан бері қызығушылық танытқандар қатары үзілген емес. Былтырдың өзінде 35 мыңнан аса адам келген. Мұнда Дінмұхамед Қонаевтың құжаттары, жеке заттары мен фотосуреттері сақталған. Бас-аяғы 8 мыңнан аса жәдігер бар.

Елена Кубашева, Д.А.Қонаев музейінің жетекшісі:

- Дінмұхамед атамызды халық өте қатты жақсы көрген. Ол да халықты жақсы көрген. Мысалы қандай тұлға болғанын жазса, қандай кемеңгер болғанын жазса, ол кісі де халық туралы бүйдеп айтқан. Даналық халық та олардың ортасында жиі болып, айтқан сөзіне қоятын талабына құлақ асса өзіңді өмір мектебінен дәріс алып қайтқандай сезінесің деп, сөйтіп жазған екен.

Тарихшылар болса Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары экономикамыз нығайып, ауылшаруашылығымыз 6 есе, ал өнеркәсіптік өндіріс қарқынымыз 7 есе өскен-деп еске алады. Бастысы ол аймақтық тұтатыстықты сақтауға ерекше үлес қосты.

Жақсылық Сәбитов, тарихшы:

- Дінмұхамед Қонаев 60-шы жылдардың өзінде Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтап қалған. Сондай-ақ, елде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қыруар жұмыс істеді. Өзі үлгі болды. Қарапайым өмір сүрді. Халық оны әлі күнге дейін сүйіспеншілікпен еске алады.

Жуырда Қазақстан тарихы жайлы 7 томдық еңбек жарық көреді. Онда Дінмұхамед Ахметұлының ел дамуына қосқан үлесі де өз орнын табады. Ғибраты мол ғұмырдан ұрпақ түйер ұлағат аз емес. Сондықтан қазақ тарихындағы нар тұлға есімі өзін шексіз кұрметтейтін ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Авторлары: Дана Әлиева, Қарлығаш Қайыпбекова, Ақылбек Есімсейітов