Жетісу облысында 21 мамандық бойынша 800-ден аса адам оқытылды

Өткен жылы Жетісу облысында 21 мамандық бойынша 800-ден аса адам оқытылды.

Олардың басым бөлігі ауыл тұрғындары. Жаңа мамандықты меңгергендердің арасында жеке кәсіп ашқандары да бар. 

Ұлтуған Асылбекқызы тігіншіліктің қысқа мерзімді курсын өткен жылы тәмәмдады. Меңгерген мамандығына сай ол Ескелді ауданы Нұрмолда Алдабергенов ауылынан шағын сауда орнын ашқан. Онда өз қолымен тоқыған бұйымдары мен тіккен көрпе жастықтарын сатады.

Ұлтуған Асылбекқызы, ісмер:

-Оқудан киім пішуді, қалай сызуды қалай тігуді үйрендік. Үш айда жақсы үйретті. Жақсы үйреніп шықтық. Оқудың жақсы пайдасы тиді деп ойлаймын. Киім тігіп, жұмысымды дамытып отырмын ғой соның арқасында.

Ал Аля Жолышованың шеберханасы өз ауылындағы сауда орталығында орналасқан. Ондағы тігін мәшинкелерді ол жеңілдетілген несиеге сатып алды. Мемлекет көмегімен кәсіп бастаған ісмер өзін ғана емес өзгені де жұмыспен қамтып отыр.  

Аля Жолышова, ісмер:

- Перде постель, жастық құрақ көрпе қандай заказ келеді соның бәрін жасай береміз. Ауыл аманатына қатысып жүн өндейтін техника алсам деп отырмын. Сол кезде жұмысым алға қарай өрлеп, жұмыс орны да көбейеді.

Өткен жылы Жетісу облысындағы сегіз жүзден аса адам үш айлық кәсіптік курстан өткен. Олардың 90 пайыздан астамы тұрақты жұмысқа орналасты,- дейді жауаптылар.  

Ермек Мизамбаев, облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшысы:

- 2024 жылы біз 30 мыңға жуық азаматты жұмысқа орналастыру жоспарымыз бар. Бұл негізінде қазіргі сәтті іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы, Жастарға 2,5 пайызбен несие беру, тәжірибесі жоқ азаматтарды «Жастар тәжірибесіне» жіберу, бірінші жұмыс орны жобасы қоғамдық жұмыс орны жобасы бар. Одан бөлек бізде жүз мың халыққа 10 мың азаматты жұмысқа орналастыру индикаторы бар. Сол бағытта жұмысты жалғастыратын боламыз.

Жұмыссыздарды жаңа мамандыққа баулу биыл да жалғасады. Ол үшін қазынадан 340 млн теңге қаржы бөлу қарастырылған.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов