Елордада ақы төлеуден жалтаратын жолаушы көп

Күніне жол жүру ақысынан жалтарған 90 мыңнан астам астаналық анықталады, деп хабарлайды 24KZ.

Өткен жылы төлем жасаудан бас тартқан 11 мың жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, 70 млн теңге айыппұл салынды. Тексеріс таянғанда ғана жолақысын төлейтін жолаушыларға талап күшейгемінен, тәртіп бұзатын тұрғындар азаймай тұр. Автобустарды аралап, бұқараның билетін бақылап келген әріптесім Шернияз Жалғасбекұлын тыңдайық.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Қоғамдық көліктердің кондукторсыз қызмет ете бастағанына көп болды. Кондукторсыз режимге көшкелі жолақысынан жалтаратын жолаушылар көбейген. Өткен жылы Астана қаласында 230 мыңнан аса азамат жолақы төлеуден бас тартқан көрінеді. Қазір бақылаушы қызметкерлермен бірге  кімнің жолақы төлеген немесе төлемегенін тексеретін боламыз. Ендеше автобусқа енейік.

Елордада 70 бағыт бойынша 900 автобус халыққа қызмет етеді. Таң сәріден басталған тынымсыз тірлік қас қараямын дегенше дамыл таппайды. Осы аралықта автобус жүргізушілері 600 мыңнан аса жолаушыны діттеген жеріне жеткізеді. Ал Самал Қабышеваның қызметі – астаналықтардың жолақы төлгенін тексеру.

Самал Қабышева, Көлік бақылау департаментінің менеджері:

- Күнделікті жұмысымыз таңғы сағат 7-ден басталады. Кешкі 10-ға дейін. Жұмыс барысында неше түрлі жағдай кездеседі. Ол жерде бізге бағынбай, күш көрсететін азаматтар да болады. Кейбір жолаушылар балағаттап кетеді. Мақтап та кетеді. Енді әртүрлі жағдайлар болады. Жұмысымыз жалпы қызықты.

Самал секілді жолақысына бақылау жасайтын 100 маман бар. Тексеріс аясында шамамен күніне 30-дан аса жолаушыға әкімшілік хаттама толтырады. Дегенмен төлем жасамайтындар тіпте көп. Көп жағдайда түсіністік танытамыз, - дейді тексерушілер. Бақылау барысында біз де тегін жүргісі келгендерді анықтадық.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Тексеріс барысында жолақы төлемеген жолаушылар анықталды. Қазір құқық қорғау қызметкерлері шақырылып, дәлелдер ұсынылды. Заң бойынша жолаушыларға 2 АЕК айыппұл салынады. Ол шамамен 7 мың теңгеден асады.

Аз-маз ақыны төлемей, 7 мыңдап айыппұл арқалау кімге ұнасын. Көп жағдайда тұрғындар заңмен келіспей жатады. Тіпті оқиға орнынан ізін суытатындар да табылады. Дегенмен бақылаушылар арнайы камерамен жабдықталған. Қолдарындағы құрылғылар да төлем жасамағандарды қателеспей анықтауға мүмкіндік береді.

Мұхит Әшірбаев, Көлік бақылау департаментінің бас менеджері:

- Осы жылдан бастап электронды төлеу жүйесін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Соған орай жаңа мобильдік құрылғылар, яғни төлемақысын тексеруге мобильдік құрылғылар қолданып жатырмыз. Оның артықшылықтары, төлемдерді тексере аламыз.

Жолақы төлемейтін тұрғындардың салдарынан бір күнде мемлекетке 8 млн теңге шығын келеді. Бас-аяғы 1 жылда қала қазынасы 2 млрд-тан аса қаржыдан қағылады.

Авторлары: Шернияз Жалғабекұлы, Ырыстанбек Оспанов.