«Хабар» арнасынан «Қазына» ұсынылады

Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп «Хабар» арнасы көрермендер үшін жаңа ұлттық жоба ұсынады.

«Қазына» деп аталған телетуынды қазақтың киелі музыкалық аспабы, домбыраны дәріптеуге арналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналғанын, оны жан-жақты дәріптеу бәрімізге ортақ міндет екенін үнемі айтып келеді. Игі жобаның түсірілімі сәтті аяқталып, бүгін Астанада тұсаукесер рәсімі өтті.

Қасиетті домбыра - қазақтың ұлттық болмысы. Қос ішектің үнінде Ұлы даланың жыры, бабалардың сыры сақталған. Министр Аида Балаева Президент тапсырмасына сәйкес, төл мұраларды жаңғырту жұмыстары жүйелі жолға қойылғанын атап өтті. Қазір елімізде 49 ұлттық музыка аспаптары оркестрі бар. Онда 2500-ден астам өнерпаз қызмет етеді. Ал домбыра үйірмелеріне 26 мың бала қатысып жүр. Шеберханаларда айына 3 мыңнан астам домбыра жасалады екен.

Ұлттық аспапты ұлықтау

- 49 ұлттық музыка аспаптары оркестрі

- 2500 өнерпаз

- 650 домбыра үйірмесі

- 26 000 шәкірт

- Айына 3 000 домбыра

Ал «Қазына» тележобасында әр өңірдегі күй мектептерінің ерекшелігі мен дәулескер күйшілердің еңбегі баяндалады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлттық домбыра күнімен құттықтауында «Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптеу керекпіз» деді. Баршамызға ортақ жоба көрермен көңілінен шығып, қоғамның мәдени және рухани танымға деген сұранысқа өтеді деген сенімдемін. Министрлік ұлттық мұрамызды насихаттау шараларын әрі қарай жалғастыра береді.

Жобаның бас продюсері - белгілі режиссер Бейбітжан Мүслімов. Оның айтуынша, деректі фильм түсірер кезде күйшілер мен ғалымдардың пікіріне арқа сүйеген.

Бейбітжан Мүслімов, жобаның бас продюсері:

- Этнографтарды, тарихшыларды шақырып, солармен пікір алмасып, аңыздарға сілтеме жасап, әр мектептің көрнекті тұлғаларын, музыканттарын шығардық көрсетіп. Ең бірінші, күйге тыңдарманды тәрбиелеу керек. Сол мақсатта жасалған. Егер тыңдарман болса, онда күй де өседі.

Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар ұлттық жобаны жоғары бағалап, қолдау білдірді.

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:

- Түрлі-түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Бүгін мына "Қазына" деген фильм сондай игі бастамалардың бірі деп білемін. Біздің қазақтың салт-дәстүрі, оның ішінде "сауыт-сайманы" дейміз ғой,  соның бір бөлігі осы - күй.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Президентіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, өнерімізді ұлықтау  мақсатындағы тапсырмасының орындалуының жақсы бір көрінісі деп түсінеміз. Толық адам болмысындағы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, осындай ұлттық жобаларды барынша дүниеге қадам басуына мүмкіндік туғызуымыз керек.

Мазмұнды тележоба «Хабар» арнасынан сериал үлгісінде көрсетіледі.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ырыстанбек Оспанов