Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады

Оның ішінде осы ауыр дертті еңсере алмай, 14 мыңнан астам науқас қайтыс болады, деп хабарлайды 24KZ.

Ал онкологиялық тіркеуде 220 мыңға жуық адам тұр. Өлім-жітім бойынша обыр ауруы 3-ші орында.

Дәрігерлер: «бұл деректен халық хабардар болуға тиіс», - дейді. Сырқаттың алдын алудың ең тиімді жолы – скрининг.    

Астаналық Айгүл Болатқызы – жатыр мойны обырын жеңіп шыққан әйел. Аты жаман ауруға 2 жыл бұрын шалдыққан. Онкологтар «қатерлі ісік екінші кезеңге өткен» деп диагноз қойған. Ота жасатып, оңалтудан өтіп, сырқатынан құлан таза айығады. Ол аурумен күресу оңай болмағанын айтады. Бірақ өзіне деген сенім мен тиімді ем шаралары оны өмірге қайта алып келген.

Айгүл Болатқызы, Астана қаласының тұрғыны:

- «Бәрі оңай болды» деп айтудан аулақпын. Тіпті мені кейбіреулер көпке бармайды деп ойлаған. Маған осы диагнозды қойғанда туыстарым шетелге баруға үгіттеді. Бірақ мен Қазақстанда емделем деп шештім. Оныма тіптен өкінбеймін. Міне, көріп тұрсыздар, астаналық дәрігерлер аяғымнан тік тұрғызды. Қазір әлеуметтік желіде блог жүргізем. Осындай жұмыстарды халық арасында көптеп түсіндіру керек. Көзбе-көз сөйлесіп, тілдескен жақсы. Осы кездесуге Астанадан арнайы келдім.

Дәрігерлер жатыр мойны обырын вакцина салу арқылы алдын алуға болатындығын талмай айтып жатыр. Басқа қатерлі ісік ауруларына қарсы вакцина жоқ. Екпе адам папиллома вирусына қарсы салынады. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына осы вирус себеп болады. Қазір вакцинаны көптеген мемлекеттер иммундау бағдарламасына енгізіп жатыр. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда 11 жастағы қыз балаларға екпе салу жоспарланып отыр.

Айнагүл Қуатбаева, медицина ғылымдарының кандидаты:

- Бүгінгі күні 11 жастағы жеткіншіктерге осы обыр оның ішінде жатыр мойны обырына қарсы вакцинация егуді қолға алынып жатыр. Биылғы жылы 170 мыңнан астам қыз балаларға бұл жұмысты ұйымдастыру жоспарда бар. Жатыр мойны обырына қарсы вакцинация дүниежүзі мәліметтеріне сай 9 жастан бастап салынады. Вакцинаның құрамында инфекциялық агент жоқ. Вакцина егілген азаматтың ағзасында қандай да бір ауру шақырады деген  ұғым дұрыс емес.

Оған қоса биылдан қалмай ағзада адам папиллома вирусының бар-жоғын анықтайтын тест қолға алынады. Ол жас ерекшелігіне қарай 5 жылда бір рет жасалады. Медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарованың айтуынша, өкінішке қарай, онкологиялық аурулар азаймай тұр. Бірінші орында – сүт безі обыры. Одан кейін колоректальды обыр, өкпе, асқазан, жатыр мойны қатерлі ісігі деп кете береді. 2022 жылы 39 мыңға жуық адамға рак диаогнозы қойылған. Ал былтыр аты жаман ауруға шалдыққандар 41 мың 500-ден асып кеткен.

Диляра Қайдарова, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы:

- Жылына 5 мыңнан астам әйелден сүт безі обыры анықталады. Сонымен қоса өкпенің қатерлі ісігі де жиі кездеседі. Өлім-жітім бойынша бірінші орында. Бұл өте өкінішті. Оған шалдыққандардың 70%-і дәрігерге аурудың 3-4-ші кезеңінде бірақ келеді. Енді осыны ерте бастан анықтау үшін дозасы аз компьютерлік томаграфиядан өтуді міндеттейтін боламыз. Ол скриниг түрінде болады. 40 жастан асқан күніне 1 қорап темекі тартатындар одан өтуі қажет.

Онкологтар өкпе обырымен осылай күресіп жатыр. Мамандардың пікірінше, қатерлі ісік көбіне солтүстік және шығыс өңірде тіркеледі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында өкпе обыры басқа аймақпен салыстырғанда жиі кездеседі. Мұны өндірістік орындардың көптігімен байланыстырады. Онкологиялық аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы – скринингтен өту. Ауруды асқындырмай ерте бастан анықтаса, оның жеңуге мүмкіндік көп.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев.