Оңалту орталықтарындағы мұғалімдердің мәселесі көтерілді

Оңалту орталықтарындағы мұғалімдердің жалақысы аз, арнайы білім алушыларға жағдай жасалмаған.

Бұл мәселені бүгін Сенат қабырғасында депутат Талғат Жүнісов көтерді. Айтуынша, былтыр күзде мектеп мұғалімдерінің жалақысы 30%-ке өскенде мүгедектігі бар балаларға білім беретін 20 мыңнан астам мұғалім назардан тыс қалған. Сондықтан да бұл салада маман тапшылығы байқалады. Кадрлар арнайы балабақшалар мен мектептерде де жетіспейді. Республика бойынша 11 өңірде 29 арнайы мекеме ашылуы керек. Себебі 24 мыңнан астам ерекше бала кезекте тұр.

Айта кетейік, елімізде 188 мың бала арнайы күтімді қажет етеді. Оның 55 мыңы – мектеп жасындағылар.

Талғат Жүнісов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Арнайы балабақша мен мектепте білім сапасы дұрыс бақыланбайды. Интеллектісі бұзылған мектеп түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі өте төмен. Одан бөлек, арнайы педагогтардың тапшылығы мен олардың біліктілігін арттыру курстары жетіспейді. Бүгінгі таңда мектеп-интернаттардың материалдық базасы әлсіз. Жабдықтау нормаларына сәйкестігі тек 40%-ті ғана құрайды.