Жамбыл облысында әйелдерді жәбірлеу дерегі азаяр емес

Осы аптаның өзінде полицейлер 400-ге жуық адамды әкімшілік жауапқа тартқан.

Елена есімді келіншек он жыл бойы күйеуінен жәбір көрген. Арадағы ұрыс-керіс бірінші сәбиі туғанда басталған. Жұбайы ішімдікке салынып, жақындарына тыныштық бермеген. Амалы таусылған Елена балаларын алып, дағдарыс орталығын паналайды. Сол жерде заңгердің көмегімен ажырасуға арыз жазады.

Елена, қала тұрғыны:

- Уақыт өте келе өзгеріп кететін шығар деп ойладым. Бірақ олай болмады. Бірінші кезекте балаларым үшін қорықтым. Олар айналаға қорқынышпен қарайтын болды. Балабақшаға барғанда ешкіммен араласпай, бөлек ойнайтынын естіп күйзеліске түсіп жүрдім.

Бір рет қол көтерген еркек кейін әйелін ұруды әдетке айналдырады. Мұндай кезде дереу құзырлы органға хабарласып, көмек сұрау қажет.

Психологтардың айтуынша, таяққа көніп жүре берсе, кезекті ұрыстың соңы орны толмас өкінішке ұласуы әбден мүмкін.

Анна Дмитриенко, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің психолог-маманы:

- Отбасының шырқы бұзылуына әсер ететін негізгі себептің бірі тұрақты баспананың жоқтығы, ақшаның жетіспеушілігі. Ері жұмыста болған кикілжіңнен соң, үйге келіп ашуын жақындарынан алуы жиі болатын құбылыс. Өкінішке қарай, жәбір көрген кейбір әйелдер үнсіз жүре береді.

Диляфруз Кенжеханова, ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы:

- 15 қаңтардан бері аймақта 58 адамға қорғау нұсқамасы берілді. Оларға жәбір көрсеткендер 30 күн учаскелік полиция бақылауында болады. Сот оларға ескерту береді. Бөлімшеде сенім телефоны бар. 575854 номеріне тәулік бойы хабарласуға болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шара облыс көлемінде 26 қаңтарға дейін жалғасады. Былтыр құқық қорғаушылар 4 мыңға жуық адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.  

Талғат Исламұлы, Анастасия Сулейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділдә