Бітімгерлік күштер Таяу Шығысқа жіберіледі

Қазақстандық 400-ден астам сарбаз Таяу Шығыс пен Африкаға жіберіледі.

Олар бір жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларын орындайды. Яғни әскери базаларды күзетіп, гуманитарлық жүктерге жауапты болады. Сондай-ақ бейбіт тұрғындарды қорғауға атсалысады. Бұған дейін бітімгершілік контингентін жіберуді Мемлекет басшысы ұсынған болатын. Бүгін бұл бастама Парламенттің бірлескен отырысында қолдау тапты. Көктемде әскерилер Израиль мен Сирия арасындағы даулы аймақ – Голан аумағына аттанады. Қорғаныс министрінің айтуынша мұндай тәжірибе сарбаздарға жауынгерлік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

- Біз Ливандағы миссияны орындау барысында Үндістан контингентінің құрамында болдық. Ал бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бізге жеке миссия беруіне қол жеткізіп отырмыз. Яғни өз еліміздің атынан барлық операцияны орындаймыз. Алдымызда тұрған міндеттер – белгіленген учаскелерді патрульдеу мен комменданттық қызметті атқару.