Оралдық мұғалім мамандығын кондитерге алмастырған

Батыс Қазақстан облысында былтыр кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 137 миллион теңгенің қайтарымсыз гранты берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның көмегімен 33 адам кәсібін өркендетті. Солардың қатарында Шолпан Құспаева да бар. Мұғалім мамандығын кондитерлікке алмастырған кәсіпкер мемлекет қолдауы арқасында шоколад студиясын ашқан.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, филология ғылымының магистрі атанған Шолпан Құспаева кондитерлікке бет бұрып, шоколадқа «шомылам» деп ешқашан ойламапты. Алайда отбасында ерекше бала дүниеге келуіне байланысты өмірі күрт өзгерген. Үнемі үйде отыруға мәжбүр болған. Бос уақытында біртіндеп тәтті жасауды үйренген. Тапсырыстар көбейіп, былтыр бизнес-жоспарын әзірлеп, 5 миллион теңгенің грантын ұтып алды.

Шолпан Құспаева, кәсіпкер:

-Жабдықтарды біз Ресейден алдырттық. Қазір 3D принтерге тапсырыс бердік. Сонда шоколадтың ішіндегі түрлі салындысын жасауға мүмкіндік болады. Қазір негізінен нутелла пастасын әкеліп, соны қолданып жүрсек, келешекте арахис пастасын, пралинені өзіміз жасаймыз.

Ал әзірге өнімдер қолдан жасалады. Тек қана табиғи ингредиенттер қолданылады. Шоколад студиясындағы қызметкерлер тәттімен жұмыс істеудің тәтті тұстары көп екенін айтады.

Алтынай Құспаева, технолог:

- Мында шоколадты дайындаймыз, сосын қалыптарға құямын, «оформление» жасаймын. Шығармашылық жұмыс, өзіме өте қызықты. Әркімге де қызықты деп ойлаймын және өзімнің жаныма жақын жұмыс деп те айта аламын. Бір нәрсе жасағасын, басқа бір идеялар келіп, фантазиямызға байланысты неше түрлі тәттілер шығарып жатырмыз.

Шолпанның шоколадтарын кейде сыйлық түрінде шетелге де әкетіп жатады. Ол болашақта кәсібін кеңейтуді армандайды. Бұл мақсатына жетуге былтыр ұтып алған мемлекеттік грант көмегін тигізген. Кәсіпкерлікті дамытуға берілетін қайтарымсыз гранттың арқасында былтыр аймақта 33 адам өз ісін ашты.

Мейрам Қабдығалиев, БҚО кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы

- 2023 жылы ұлттық жоба аясында жалпы 2 млрд теңге қарастырылған болатын. Оның ішінде 137 млн теңге гранттық қаржыландыруға. Ол жобалардың ішінде 70%-і ауылдық кәсіпкерлер қолдау алған болатын. Соның ішінде айта кетуге болады, «Тәтті ме?» кәсіпкерінің компаниясының жобасы мақұлданған болатын. Бұл жоба ерекше шоколод өнімдерін шығарады.

Облыста 58 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісі болса, бұл салада 120 мыңдай адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті қолдауға 2,1 миллиард теңге бөлінбек. Оның 142 миллион теңгесі гранттық қаржыландыруға бағытталады.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.