Көкшетауда мыңға жуық студент жатақхана кезегінде тұр

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл 6 ғимарат қолданысқа берілуі тиіс, деп хабарлайды 24KZ.

Оның екеуі университетке, қалғаны колледждерге тиесілі болады.

Көкшетау жатақханаларындағы орын тапшылығы әсіресе колледждерде өзекті. Мысалы, жоғары техникалық колледжінде 2 мыңнан астам студент білім алса, соның 500-і ғана жатақханада тұрады. Ал жетіспейтін орын 700-ге жуықтайды. Оған қоса қолданыстағы ғимараттың әбден тозығы жеткен.

- Іші «нормально». Бірақ суық. Тек 5 қабат ғана жылы.

- Салқындау. Жылу жүйесі жағынан берсе, ойым сол.

Қазір оқу ордасы жанынан 600 орынға шақталған 2 жатақхана салынып жатыр. Бірі көктемде, екіншісі жыл соңында қолданысқа беріледі. Ал жоғары қазақ педагогикалық колледжінде орын тапшылығы мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Жақында құрылысы аяқталған студенттер үйіне 300-ге жуық бала орналасты.

Ермек Асан, студент:

- Студенттер үйі мен үшін өте ыңғайлы. Басты ерекшелігі, колледждің жанында орналасқаны. Бізде бұл жатақханада барлық жағдай қарастырылған. Айта кетсем, жылы, ыңғайлы, қолайлы. Сабақ оқуға деген барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, біздің әр қабатта оқу залдары бар. Біз онда сабақтарымызға дайындаламыз.

Әлия Заманбекова, колледж директорының орынбасары:

- Бірінші студенттер үйі бар қосымша. Осы 2 студенттер үйін қосқанда өтініш білдіріп отырған студенттердің саны толық қамтамасыз етілді. Төлем ақы жағына келетін болсақ, айына 5 мың теңге. Қазіргі таңда ол кез келген ата-ана үшін өте тиімді баға деп ойламын.

Қазір облыстағы 38 колледждің жатақханасында 6 мыңнан астам жатын орны бар. Онда 4,5 мыңға жуық бала тұрады.

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Егер жоспарланған 3 жатақхана пайдалануға берілсе, онда мәселе түбегейлі шешіледі. Бұдан бөлек, қаладағы жекеменшік бір колледж өз қаражатына 450 орынға шақталған жатақхана салып жатыр. Жалпы бізде бұл мәселе тек облыс орталығына ғана тән. Ал аудандағы студенттер жатақханамен толық қамтылған. 

Жаңа жатақхана салуға жекеменшік оқу орындары да ынталы. Себебі қаладағы бірсыпыра студент осындай оқу ордаларында білім алады. Жалпы жеке инвестиция есебінен жергілікті университет 2 жатақхана салып жатыр. Қос ғимарат 500 орынға есептелген. Олардың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шикоренка.