Шымкентте құрылысты бақылау күшейтілді

Биыл Шымкентте мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысушы техникалық қадағалаушы компаниялар автоматтандырылған жүйемен таңдалады.

Бұдан былай олардың атқарған жұмыстары мен нарықтағы роліне нақты баға беріледі. 

Салаға жауаптылардың сөзінше бұл әрекеттер сабайластықты жойып, құрылыс сапасының артуына сеп болмақ. Себебі былтыр 5 бірдей мердігер өз міндетін орындай алмай, сот шешімімен шеттетілген. Салдарынан әлеуметтік маңызы бар нысандардың тапсырылу мерзімі кешеуілдеген.

Бұл сылағаны. Демонтаж жасап, бетонға дейін қырып сылағаны.

- Сонда да қисық болып тұр ма?

– Мммм.

Қазығұрт шағын ауданындағы бұл мектеп былтыр ғана күрделі жөндеуден өтті. Алайда құрылысшылар анықталған ақаудан соң кем-кетікті түзетуге қайта келді. Себебі білім ұясының ұжымы әрлеу жұмыстары мен қабырғадағы сылаққа сын тақты. 

Найла Ширтаева, №66 жалпы орта мектебінің директоры:

- Мектепте еден ауысты, есік-терезелер ауысты. Шатыр ауысты. Одан кейін мектептің қабырғаларының бәрін қаптады сайдингпен. Толыққанды 100% көңілден шықты деп айта алмаймын. Негізінен бұл кісілер қазір әрлеу, краскілеу жұмыстарын сенбі-жексенбі күндері жасап жатыр.

2 мыңнан аса оқушысы бар білім ұясына 30 жылда алғаш рет жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондықтан құрылыстың сапасы жоғары болуы керек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 235 миллион теңге бөлінген. Мердігер мекеменің өкілдері барлық кемшіліктерді жоюға 1 ай уақыт сұрап отыр.  

Абзал Сұлтанбеков, мердігер мекеме басшысының орынбасары:

- Болған кемшіліктерді қалпына келтіру үстіндеміз. Оған ешқандай кедергі жоқ. Жобалау-сметалық құжаттамадағы кейбір кемшіл тұстарын өзіміз қалыпқа келтірдік. Қабырғаларды қайтып қалап, жаңағыдай уселение беріп сол арқылы осындай дәрежеге қалыпқа келтірдік. 

Ал сеніп тапсырылған құрылысты жауапсыз атқаратын компаниялардан келетін қатер анағұрлым жоғары. Салаға жауаптылардың сөзінше былтыр төрт бірдей тұрғын үй мен спорт нысаны, инженерлік желілерді тарту сапасыз жүргізілген. Салдарынан әлеуметтік маңызы бар нысандардың тапсырылу мерзімі кейінге қалдырылып, мердігерлер құрылыстан шеттетілді. 

Олжас Тәжібаев, қалалық құрылыс басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күні жосықсыз деп танылған компанияның саны бесеу. Айыппұл салынған компаниялар 10-15 шақты компания бар. Оның ішінде мердігер мекемелер де бар. Техникалық қадағалаушы мекемелер де бар. Ақпан айынан бастап мемлекеттік сатып алу техникалық қадағалаушы мекемелерге де жүреді. Бұл қазіргі жағдайда бәсекелестік шынайы болады деген ойдамыз.

Техникалық қадағалаушы компанияларды да автоматтандырылған жүйемен таңдау салаға серпін береді,- дейді мамандар. Мемлекеттік сатып алу конкурсындағы бәсекелестік - құрылыс сапасын арттыруға жағдай жасайды.  

Айдын Кәрімов, қала әкімінің орынбасары:

- Біз ақпараттық жүйені жетілдіру арқылы құрылысты жоспарлаудан бастап, мемлекеттік сатып алу порталындағы қорытындылардың барлығын бақылайтын жүйені іске қосуды жоспарлап отырмыз. Техникалық қадағалаушылардың қызметін жіті тексеру арқылы мердігерлердің жауапкершілігін арттырамыз деп ойлаймын.

Сала мамандары жаңа шешімдердің арқасында құрылыс саласында ашықтық орнайтынына сенімді. Бұл жұмыс сапасы мен құрылыс мерзімін уақытында аяқтауға жағдай жасауы керек.

 Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов